Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АЭС энергияға тәуелділікті азайтудың алғы шарты

АЭС энергияға тәуелділікті азайтудың алғы шарты

«Жібек жолы» сайда үйінде кездейсоқ кездесуде Қызылорда аймақтық Халықтық штабы өкілдері азаматтаға АЭС-ның маңыздылығын кеңінен түсіндіріп, сауалдарға жауап берді.

«Бүгінде барлық мемлекеттер үшін тұрақты және қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету стратегиялық мәселе болып табылады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің энергетикалық қауіпсіздігін тек атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Өйткені дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері тұрақты өндіріс бере алмайды. Сондықтан біздің елімізде де атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі бойынша ғалымдар көп жұмыс жасап жатыр. Елімізде атом саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да – 15 мыңға жуық жұмысшы бар. Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны 9000 адамды құрайды», – деді сауда үйінде жүрген студенттерді әңгімеге тартқан штаб мүшесі Бейбіткүл Каримова.

Жастар да қалыс қалмады. Штаб мүшелерінен энергия тарифі, шикізат мәселесі жөнінде сұрақтар қойды.

Бұл бағыттағы сауалдарға штаб мүшесі Гүлшат Мұсаева жауап берді.

«Атом электр станциясында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды, өйткені ондағы отынның бағасы тұрақты және энергия сыйымдылығы жоғары, сондай-ақ станцияның қызмет ету мерзімі 60 жылды құрайды, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың 14%-ға жуығы Қазақстанның тереңдігінде шоғырланған, оның 70%-ы экологиялық таза әдіс жерасты сілтілеумен өндіруге жарамды. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын өндіріп, уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр»,– деді Гүлшат Мұсаева.

Атап өту керек, еліміз АЭС салу арқылы басқа елдерге энергияға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік жасамақ.
13 қыркүйек 2024 ж. 98 0