Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Қарттар күнімен құттықтады

Аудан әкімі Қарттар күнімен құттықтады

Құрметті қариялар, ардақты ардагерлер!
Сіздерді 1 қазан – халықаралық Қарттар күні мерекесімен құттықтаймын! Халқымызда «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген тағылымды қанатты сөз бар. Біз – сол қастерлі құндылықты бойымызға сіңіріп өскен халықпыз.
Әркез қарияларымыздың ел дамуы жолындағы ерен еңбегі мен үлгілі істерін ардақтап келеміз. Ардагерлерді ардақтау, қарияларды қадірлеу, үлкеннің жолын кеспеу, сөзін бөлмеу сынды ізгілік ұстанымдарды ұштастыру арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеміз. Қазақтың «тәйт» дейтін табанды қариясы болмаса, біздің қоғамдағы отбасылық құндылықтың қадірі қалмас еді. Қазір ауданымызда 8500-ге жуық зейнет жасындағы жан бар. Солардың барлығы дерлік қоғам мен әлеуметтік ортаның өзгерістері мен құндылықтарына құрметпен қарайды. Бастамаларына болысады, өзгерістерді оң бағалайды. Сәйкесінше біз де қарияларға деген құрметті ескерусіз қалдырмаймыз. Ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, әрбір берекелі іске бастамашы етеміз. Мұның барлығы қаймағы бұзылмаған қазақылықтың негізгі жолы деп есептейміз.
Қадірлі жерлестер!
Бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін.
Арамызда әрдайым ақылшы бола жүріп, еңселі еліміздің іргелі істерін бірлесе атқаратынымызға сенімім мол. Аман болыңыздар!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев
01 қазан 2024 ж. 140 0