Мейірім шуағы төгілген күн

Бүгін мерейлі мереке аясында аудандық мәдениет үйінде «Бар құрмет - Сіздерге» атты салтанатты шара өтті.
Мереке фоедегі мүгедектігі бар жандардың қолынан шыққан бұйымдар көрмесі мен жәрмеңкеден бастау алды.
Салтанатты кешке аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов қатысып, ерекше жандарға жылы лебізін арнады.

Мұнан соң, аудандағы қоғамдық іс-шараларға белсенді араласып жүрген жандарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен арнайы сый-сыяпаттар табысталды. Мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, бүгінде мүгедек жандарды жеке оңалту бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметтер аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүріп-тұруы қиын 284 мүгедек жан жеке көмекші қызметімен, 35 тіл-құлақ кемістігі бар жандар «Ымдау тілі» маманымен, 18 жасқа дейінгі 22 мүгедектігі бар балалар күндіз болу бойынша жартылай стационарлық қызметімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жыл басынан бері 121 мүгедектігі бар адам санаториялық – курортқа ем алу үшін жолданса, «Талсуат мүгедектерді оңалту орталығына» 56 мүгедек жіберілді. Кедергісіз орта құруға әлеуметтік нысандардың мүгедектігі бар адамдар үшін аудан бойынша 21 обьекті қолжетімділік жұмыстарын аяқтады. Әлеуметтік осал топтағы 100 отбасына, оның ішінде 26 мүгедектігі бар жандар тегін баспанамен қамтылды.

