Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедектігі бар тұлғалар күні аталып өтті

Мүгедектігі бар тұлғалар күні аталып өтті

Ел аймағында қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күні аталып келеді. Бұл дата Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап атап өтілуде. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару.
Бүгін осы күнге орай аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Арал корпоративтік қорының» президенті Ербол Қылышбайды, «Арал қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі мүгедектерді қорғау және қолдау» қоғамдық бірлестігінің президенті Индира Жұмашеваны және «Арал ауданы мүгедектер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Нұрғалиұлын арнайы қабылдап, атаулы мереке аясында басқосу өткізді.
Басқосу барысында аудан басшысы «Ауданымызда болып жатқан іс-шараларға ат салысып жүрген Сіздердің қоғамдық ұйымдарда жасап жатқан еңбектеріңіз, мүмкіндігі шектеулі жандарға танытқан қолдауларыңыз орасан зор. Еліміздегі сындарлы сәтте де белсенділік танытып, қалыптасқан ахуалға бей-жай қарамай, өз үлестеріңізді қосып келесіздер» деп, қоғамымыздағы мүгедектігі бар жандардың белсенділігін тілге тиек етіп, ізгі лебізін жеткізді.
Атаулы күн аясында аталған қоғамдық ұйымдарға аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы сый-сияпаттар табыс етілді.
Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша 2545 мүгедек бар болса, оның 391-і мүмкіндігі шектеулі балалар. Оларға жеке оңалту бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметтер аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүріп-тұруы қиын І-ші топтағы 186 мүгедек жан жеке көмекші қызметімен, 34 тіл-құлақ кемістігі бар жандар «ымдау тілі» маманымен, 18 жасқа дейінгі 27 мүмкіндігі шектеулі балалар күндіз болу бойынша жартылай стационарлық қызметімен қамтамасыз етілген.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 



10 қазан 2020 ж. 1 134 0