Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман шаруашылығының орны бөлек

Орман шаруашылығының орны бөлек

Еліміздің 160 табиғат қорғау мекемелері мен кәсіпорындарында 17,4 мыңға жуық орманшылар жұмыс істейді. Оның ішінде 8,1 мыңнан астамы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, 9,2 мың қызметкер жергілікті атқарушы органдарға қарасты. Міне, осынау табиғат жанашырларының жұмысы қандай құрметке болса да лайықты. Қоршаған ортаның қауіпсіздігін қорғай отырып күллі адам баласының салауатты өміріне себепкер болып жүрген жандардың еңбегі ескеріліп, қазан айының үшінші жексенбісі сала қызметкерлінің кәсіби мерекесі болып бекітілген. Осы атаулы күн қарсаңында "Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ардақ Жетебаевпен сұхбаттасқан едік.

– Ардақ Аманжолұлы, мереке құтты болсын! Алғашқы сауалымыз өзіңіз басқарып отырған мекеменің жылдық жоспары, атқарған жұмысы жайын білсек.
– Рахмет! Орынды сұрақ. «Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» әдеттегідей өздеріне жүктелген міндетті жоспар бойынша жүйелі атқарып келеді. Мәселен мемлекеттік орман қоры аумағының жалпы қөлемі 1074087 гектарды құраса, оның 276971 гектары орманмен қамтылған. Наурыз айында «Бүкіл Қазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы негізінде аудан көлеміне орман тұқымбағынан 41400 дана ағаш көшеттері аудан халқына тегін таратылды.
Сонымен қатар, ең басты жоспарымыздың бірі Арал теңізі құрғаған ұлтанына көктемгі орман отырғызу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда күзді себу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
– Істелген жұмыс әлбетте оның нәтижесімен ғана бағаланатынын жақсы білеміз. Олай болса осы егілген көшеттер мен себілген тұқымның шығымдылығы жайында не айтасыз?
– Аралдың аумағын көбіне егіншілікке қолайсыз деп жатады. Алайда, шығымдылығы көңіл қуантады. Ашып айтсақ, 21 га жерге егілген сексеуіл көшетінің болжаммен шығымдылығы 27%-болса, ауданымыздың ауа райына бейімделген ағаш көшеттерінің қаламшаларының шығымдылығы 40%. Сеппе бөлімі бойынша да жақсы нәтиже бар.
– Осы аумақтар мемлекеттік қызмет көрсету бағытында қолданылатыны белгілі. Биыл мемлекеттік қызметке бағытталғаны қанша?
– Мемлекеттік орман қоры жерінен жылбасынан бері аудан азаматтарына 26 жеке және заңды тұлғаларға мал жаю, қамыс дайындау, ғылыми-зерттеубағытында орман билеті берілді. Мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш кесуге мороторий жарияланған.
– Атқарылған жұмыстардан хабардар болдық. Ал осы еңбекті еш қылатын бір дүние – қауіпсіздік сақтамау. Қауіпсіздік қай деңгейде?
– Өте орынды айттыңыз. Қауіпсіздікке деген салғырттық көп жағдайда қапы қалдырып жатады. Өткен жылғы еліміздегі жағдай баршаға белгілі. Міне, осындай өкінішті дүние орын алмау үшін орман өртінің алдын алу, сақтау мен қорғау мақсатында мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қауіпі маусымның басталуына сәйкес ай сайын арнайы бұйрықпен өрт мұнарасында және мекеменің әкімшілік үйінде кезекшіліктер тұрақты ұйымдастырылуда.Мемлекеттік орман қоры аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу бойынша мекеме аумағымен шектесіп жатқан ауылдық округтерге ескертпе хаттар, үнпарақтар таратылады.Сонымен қатар, жеке қожалықтарға да орман өртінің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Орман және дала өрттерін сөндіру бойынша МОҚ жерінде Арал аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы мекемесі, т.б. аудан мекемелерімен бірлескен өрт-тактикалық жаттығу жұмыстары өткізіліп тұрады.
– Мұнан бөлек балық шаруашылығы туралы не айтар едіңіз?
– Жануарлар дүниесін пайдалану талаптары, аң, құс, балық аулау қағидалары да қатаң бақылауымызда. Олардың өмір сүруіне қолайлылық тудыру да біздің міндетіміздегі тапсырма. Арал ауданы бойынша балық шаруашылығына маңызы бар 27 су айдыны орналасқан. Оның ішінде, Ақбілек, Қалғандария және Сырдария өзенінің Ақлақ тоспасынан төмен Кіші Арал теңізіне дейінгі құяр сағасы резервтегі су айдындары болып табылады. Резервтегі су айдындарында балық шаруашылығын дамыту бойынша су деңгейі, балық шабақтардың қырылуы, су алу жағдайы бойынша бақылау жұмыстары атқарылып келеді. 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы бақылау жұмыстары барысында мұздың қалың қатуы анықталып резервтегі су айдындарында мекеме қызметкерлерімен балық шабақтарына күннің сәулесі өтпей, судағы еріген оттегінің жетіспей қырылуының алдын алу болдырмау мақсатында мұздан үкі ойықтар ойып, қамыс арқылы ауа жіберіліп құтқару жұмыстары жүргізіліп отырады.
Көктем айларында «Таза су айдындары» акциясына байланысты санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп резервтегі Қамыстыбас учаскелері, Ақбілек көлі және Сырдария өзенінің төменгі ағысы Ақлақ су тоспасынан кіші Арал теңізіне дейінгі құяр сағасына дейінгі аралықта мекеме қызметкерлері жергілікті ауыл тұрғындарымен бірлесіп су айдындарының жағалауларын ескі аулардан, тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізу әдетке айналды.
– Қорытындылай келе, мекеменің маңызды атқаратын жұмыстары аз емес екен. Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы жұмыстарды қарқынды жүріп, орманды алқапқа айналуына тілектестігімзді білдіреміз.
– Иә, рахмет! Арал теңізі ұлтанындағы жұмыстар тек біздің ауданның, облыстың, республиканың ғана емес, әлем назар аударып отырған жұмыс. Арал теңізінен ұшқан құм мен тұз сіз бен біздің басты проблемамызға айналғалы қашан?! Сол себептен де, Арал орманшыларының атқарып жатқан жұмысы аз емес. Және де бұл жұмыстар әлі жалғасын табады. Осы сәтті пайдалана отырып тұрғындарды табиғатымызды аялап, қаламызды, тұрғылықты жерімізді көркейтіп-көгалдандыруға шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет! Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Орманшыларымыздың еңбегі елене берсін!
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ


15 қазан 2024 ж. 96 0