Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы тағайындалды

Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы тағайындалды

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында жаңа кадрлық өзгерістер таныстырылды.
Алдымен әріптестері Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы қызметін атқарып келген Бисенбаев Болат Берікұлын жаңа қызметімен құттықтады.
Аудан басшысы Болат Берікұлына ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, ауданның ең жоғарғы наградасы «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
«Болат Берікұлы - Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде кешенді шараларды қабылдап, теңіздің құрғаған аумағына фитоорман-мелиорациялық жұмыстарды жүргізді. Сонымен қатар, ауданда қызмет атқарған жылдары салаға қажетті 10 дана арнайы техникалар алынды. Орман мен жануарлар дүниесін мемлекеттік күзету, ормандарды қорғау, орман пайдалануды реттеу жұмыстары бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Қосымша штаттық бірліктер алынып, штат саны 1,8 есеге көбейді. Іскерлігі мен тиянақтылығының арқасында өзіне сеніп тапсырылған жұмысты абыроймен атқарды», – деді Аманжол Сақыпұлы.
Аталған лауазымға осы уақытқа дейін Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары болған Жетебаев Ардақ Аманжолұлы тағайындалды.
Жаңа басшыны Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мәріп Шәріпұлы таныстырды.
Ардақ Аманжолұлы 1982 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Агроэколог» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «КазСтройИнвест» ЖШС-нің жүргізуші экспедиторы болып бастаған. 2009-2012 жылдары Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінде қызмет инспекторы, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы экологиялық жобалау және мониторинг бөлімінде бас маман лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған.
2012 жылдың тамыз айынан осы кезге дейін Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Аудан әкімі Ардақ Аманжолұлының ұзақ жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін, кәсіби қабілетін жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға жұмсайды деп сенім білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов Болат Берікұлы мен мекеменің жаңа басшысы Ардақ Аманжолұлын құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
Фото: Арал ауданы әкімдігі 
20 ақпан 2024 ж. 452 0