Тапсырма орындалуымен құнды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аппарат мәжілісі өтіп, Үкімет және облыс әкімінің төрағалығымен машина жасауды дамыту жөніндегі мәселеге сай бірқатар көрсеткіштер нақтыланды.
Аппарат мәжілісіне аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, өңдеу өнеркәсібі бойынша бірқатар техникалық қызметтерде көрсеткіштердің төмендегенін атап өтті.
– Қаңтар, қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібінің ішінде теміржол локомотивтерін, жылжымалы құрамды жөндеу және техникалық қызмет көлемі 3,2 пайызға төмендеген. Локомотивтерге, тепловоздарға сервистік қызмет көрсету көрсеткіші төмендесе орнын толықтыратын өнім қажет, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Сонымен қатар ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің де саны өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін айтып, бағдарлама шеңберіне сай кейбір ауылдық округ әкімдері жұмыс жүргізе алмай отырғандығын атап өтті. Бұл саладағы көзбояушылық, жалған статистикаға үйірсектік сынды олқылықтар ешқашан опық бермесін алға тартып, ауыл әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына сөз бен істің сәйкестігі сұралатынын ескертті.
Жиын барысында келер аптадан бастап, Қазақстанның халық жазушысы Ә. Нұрпейісовтің 100 жылдығын кең көлемде атап өту жайы талқыланды. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев өткізілетін шаралардың негізгі бағыттары бойынша хабарлама жасады.
Мерейтойдың негізгі шаралары аудан орталығында өткізілетіндіктен елімізге танымал тұлғалар мен шет мемлекеттерден келетін қонақтардың аудан туралы жақсы пікір, дұрыс көзқараста болуы маңызды. Аудан әкімі осы мәселені назарға алып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізілетін жұмыстарды әлі де күшейте түсу керектігін атап өтті. Қаладағы секторлар мен нысандардың жай-күйіне жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесі арнайы слайд арқылы көрсетіліп, кемшіліктерді қайта қалпына келтіру жөнінде тиісті тұлғаларға ескертілді.
Сонымен қатар жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының талапқа сай болуы, автокөлік жолдарының сапасы, жол белгілеріндегі кемшіліктерді жою, түнгі жарық шамдарының толыққанды жұмыс істеуі сынды мәселелер тиісті тұлғалармен тағы бір мәрте зерделеніп, қажетті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма жүктелді.
Жиын соңында аудан әкімі көтерілген мәселелерге сәйкес тапсырмалардың орындалуын қатаң басшылыққа алып, нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі