«ARAL – 2024» жасылдар партияларының халықаралық саммиті
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында «ARAL – 2024» жасылдар партияларының халықаралық І саммиті өтті.
Арал теңізінің ахуалы адамзатты алаңдатып отыр. Орталық Азия және Каспий маңы елдері қоршаған ортаны, соның ішінде Арал теңізін қорғау бағытында ортақ келісімдер мен шешімдер қабылдап келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде де Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар жасалып жатқанын атап өтті.
Климаттық өзгерістерге төтеп беру, апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану – жауапкершілігі мен маңызы жоғары кешенді жұмыс. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы айтулы мәселелерді шешу үшін түрлі деңгейде бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударғысы келеді. Осы орайда тұңғыш рет бірқатар мемлекеттегі жасылдар партияларының басын қосып жатқан «ARAL – 2024» саммитінің арқалайтын жүгі ауыр.
Саммитте күн тәртібіндегі экологиялық мәселелердің шешу жолдары және солардың түйінін тарқатудағы жасылдар партияларының рөлі сараланды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының ықпалы да талқы тақырыбына айналды. «Байтақ» партиясы қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін беретін бастаманы қолдап, өз үлесін қосып келеді.
Саммиттің ашылуында сөз алған «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев су қауіпсіздігі – Орталық Азиядағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– БҰҰ деректері бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 90 миллион адамға жеткен кезде су тапшылығы 25-30 пайызға дейін болуы мүмкін. Сонымен қатар, егіншілікке пайдаланылатын су ресурстарына қажеттілік 2030 жылға дейін 30 пайызға артуы ықтимал. Бұл экономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді, – деп тоқталып өтті.
Ал Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев «Қырғызстан Жасылдар партиясы экологиялық мәселелердің салдары экожүйелер мен халық денсаулығына қазірдің өзінде әсер етіп жатқанына алаңдаушылық білдіреді» десе, Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова табиғатта болып жатқан ауқымды үдерістер мен өзгерістерді халыққа жеткізуде «жасыл» партиялардың рөлі зор екенін атап өтті. «Росгидрометтің деректері бойынша, Қазақстанмен шектесетін Ресей облыстарында жазда жауын-шашын мөлшері азаяды. Қалмақия, Астрахань және Волгоград облыстары мен Дағыстанда шөл және жартылай шөл аудандарының аумағы жыл сайын 500 шаршы километрге ұлғаюда деді.
Мұнан бөлек Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ, Өзбекстан экологиялық партиясы атынан партияның Орталық кеңесі Атқарушы комитетінің бөлім жетекшісі Комилжон Жураев сөз сөйледі.
Іс-шараның қорытындысында спикерлер «ARAL – 2024» жасыл партиялардың I саммиті экологиялық мәселелердің ауқымын түсініп қана қоймай, сондай-ақ бірлескен тиімді ынтымақтастық үшін платформа құруға арналғанын атап өтті. Олар тек бірлесе отырып қана климаттық сын-қатерлерді шешуге, экожүйелерді нығайтуға және табиғи байлықты сақтауға қадам жасауға болатынын айтты. Жиналғандар Қазақстандық «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының төрағасы А.Әміртаевтың жасылдар саммитін тұрақты негізде өткізу қажеттілігі туралы мәлімдемесін қолдады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ