Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев: Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз

Тоқаев: Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

    Метан қалдықтарын азайту – жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл. Сондықтан Қазақстанның Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға шешім қабылдағанын зор қуанышпен мәлімдеймін. Сонымен қатар біздің аймақтағы елдердің көмірге қатысты түйткілді проблемалары бар. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан өңірде бірінші болып Әділетті энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі серіктестік бағдарламасын (JETP) іске асыруға ұмтылыс жасап отыр. Аталған екі бастама табысты орындалуы үшін достарымыз бен серіктестерімізді қолдау көрсетуге шақырамыз, - деді Президент.

Сонымен қатар ол климат мәселесіне де тоқталды.

    «Кеңірек айтқанда, халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз, - деп ескертті ол.

Тоқаев өз сөзінде Арал теңізін қолдауға да шақырды.

    Мысалы, біз Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз. Биылғы COP28 саммитінің табысты өткенін ескере отырып, барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты СОР29-ға дейін жалғастыратын диалог алаңы бола алады, - деді Тоқаев.

Сондай-ақ ол 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өтетінін мәлімдеді.

    «Орталық Азиядағы климатты қорғау жөніндегі іс-қимылдарға тың серпін беру мақсатында біз БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуге шешім қабылдадық. Климат жөніндегі төтенше жағдай – жаһандық дағдарыс. Оған бүкіл әлем болып төтеп беру қажет. Бәріміз Жер шарын сақтауға және баршаға ортақ орнықты даму мақсаттарын қамтамасыз етуге жауаптымыз. Қазақстан ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шеше алатынымызға кәміл сенеді, - деді саммитте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы.

Сурет baq.kz
01 желтоқсан 2023 ж. 388 0