Аралдықтар жаңа 2025 жылды қарсы алды
Бүгін Арал қаласының орталық алаңында 2024 жылдың қорытынды мерекелік концерті өтті. Көңілдерді шаттандырып, мерекелік әсер сыйлаған салтанатты кеште аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
– Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жыл - қол жеткізген табыстарымызды ой елегінен өткізіп, алда тұрған межелі міндеттерді саралауға бағытты айқындайтын кезең. Санаулы сағаттан соң жылды түйіндеп, жаңа 2025 жылға қадам басамыз. Ұлу жылы бағындырған белестеріміз жетерлік. Есепті жыл ішінде барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды даму қалыптасты. Жыл көлемінде атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен біз бұдан да жоғары жетістіктерге ұмтылуымыз қажет. «Ынтымақ бар жерде – ырыс жүреді» деген бабалардан қалған сөз бар. Алдағы белестерді Өздеріңізбен бірлесе отырып бағындыратынымызға сенемін. 2025 жыл қасиет пен киесі қатар қонған Арал өңірі үшін табысты жыл болғай! Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт-берекесімен, ырыс-несібесімен келсін! Жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, бақытты сәттерге толы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, - деді Аманжол Сақыпұлы.
Сондай-ақ аудан әкімі ауданда жаңадан бой көтерген заманауи ғимараттарды, ашылған әлеуметтік нысандарды, пайдалануға берілген тұрғын үйлер мен жүзеге асып жатқан өзге де ауқымды жобалар жөнінде айтып, бірқатар міндеттерге тоқталып өтті.
Мерекелік кештің көркін қыздырған Аяз ата мен Ақша қар, ертегі әлемінің кейіпкерлері тұрғындарға ақ тілектерін арнады. Аудан өнерпаздарының ән-шашуы жиылғандарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Думанды кеш, мерекелік отшашумен түйінделді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі