Аралдықтар жаңа 2024 жылды қуанышпен қарсы алды
Бүгін Арал қаласының орталық алаңында 2023 жылдың қорытынды мерекелік «Жаңа жылым, жаңа бақыт, жаңа нұр» концерті өтті.
Саштанатты кеште аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
«Ең алдымен баршаңызды төрімізге енгелі тұрған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа Жыл - қол жеткізген табыстарымызды ой елегінен өткізіп, алда тұрған межелі міндеттерді саралауға бағытты айқындайтын кезең. Санаулы сағаттан соң жылды түйіндеп, жаңа жылға қадам басамыз. 2023 жыл айдынды Арал үшін берекелі, ырысы мол жыл болды. Қоян жылы бағындырған белестеріміз жетерлік. Есепті жыл ішінде барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды даму қалыптасты. Қос тойымыз қабат келіп, облысымыздың 85 жылдық және ауданымыздың 95 жылдық мерейтойлары салтанатымызға сән қосты. Биылғы егістік көлемі 3 есеге артып, 1500 гектар жерден диқандарымыз 5000 тоннадан аса егістік өнімдерін жинады. Ауылшаруашылығында атқарылған серпінді жұмыстар нәтижесінде ауданымыз облыстық «Алтын дән – 2023» салтанатында екінші жыл қатарынан мал шаруашылығын дамыту бойынша жоғары жетістіктерге жеткен үшін «Озат аудан» номинациясын иеленді. Ел Президентінің Сыр еліне, оның ішінде Арал ауданына деген ерекше қолдауының арқасында Кіші Арал теңізіне суды жіберу және Көкарал бөгетін нығайту жұмыстарына 1,5 млрд. теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығының сәулетіне сәулет қосып, тарихтан сыр шертетін 2 демалыс орны «Балықшылар» және «Жалаңтөс Баһадүр» аллеялары салынды. Осыған дейін ауданымызда 4 тірек елді мекен болса, биыл олардың қатары Шижаға және Қаратерең ауылдарымен толығып 6-ға жетті. Республикада төртінші, ал аймағымызда алғаш болып «Отбасын қолдау» орталығын аштық. Атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен біз бұл толайым істерге тоқмейілсімей, жоғары жетістіктерге ұмтылуымыз қажет», - деді Серік Сағитжанұлы.
Мейрамның көркін қыздарған Аяз ата мен Ақша қар тұрғындарға ақ тілектерін арнады. Аудан өнерпаздарының ән-шашуы жиылғандарға мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Думанды кеш, онан әрі мерекелік отшашумен аяқталды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі