Премьер-министр авиация, теміржол және кеме қатынасында қажетті мамандар даярлауды, сондай-ақ ауылдық жерлерге мамандар тарту жоспарын әзірлеуді тапсырды
Үкімет отырысында Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын жүзеге асыру аясында көлік саласындағы, атап айтқанда, авиация, теміржол және кеме қатынасы сияқты жоғары технологиялық салалардағы кадр тапшылығы мәселелеріне назар аударылды. Көлік министрлігіне компаниялармен бірлесіп осы салалар үшін мамандар даярлаудың нақты жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, ауылдағы мамандарға тартымды жағдай жасау мәселелерін белсенді түрде пысықтап, осы бағытта жаңа бағдарламаларды іске қосуы қажет.
Энергетика министрлігі компаниялармен бірлесе жер қойнауын пайдаланушылармен, жұмыс берушілермен, салалық колледждермен өзара тығыз қарым-қатынас жасай отырып, жұмысшы кадрлар даярлау бойынша үлкен жұмыс жүргізу керек.
Сонымен қатар кадр даярлау және қайта даярлау процесіне бизнес те белсенді атсалысуы қажет. Елімізде жұмыс беруші есебінен біліктілігін арттыруға баратын қызметкерлер үлесі тек 6%-ды құрайды. Сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 48%-ға жетеді. Осыған байланысты Премьер-министр бизнесті жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыруға, оларды әлеуметтік қолдауға және лайықты еңбек жағдайларын жасауға күш салуға шақырды.