Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жіңішкеқұмдағы жағымды жаңалық

Жіңішкеқұмдағы жағымды жаңалық

Үстіміздегі жыл Арал ауданы үшін халыққа қажетіне асатын айтулы оқиғалармен басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев теңіз төскейіндегі ауданда жұмыс сапармен болып, көптеген маңызды жарқын жобаның жүзеге асқанына көз жеткізді. Соның ішінде ауыз толтырып айтатын айрықша жаңалық Жіңішкеқұм ауылдық округі, Тоқабай ауылында да көрініс тапты.
Нақтырақ тоқталсақ, мемлекетіміздің денсаулық саласына жасаған жан-жақты қамқорлығы баршаға мәлім. Президенттің халықтың денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстардың бір парасы ретінде Тоқабай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны айтуға болады. Жергілікті тұрғындардың қажетіне салынған жаңа нысан алыстан көз тартады. Сыртқы келбетінен бөлек, ішкі жағдайы тіптен ерекше. Ондағы жұртшылық осындай ғимаратты сапалы әрі уақытылы салынуына ықпал жасаған облыс, аудан басшылығына алғыс айтуда. «Бақ-береке « ЖШС басшысы Қайрат Ерназаров  тапсырылған міндетті мінсіз атқарып, аманатқа адалдық танытқанын осы жерде атап өткеніміз жөн.
Ауылдық қоғамдық келісім төрағасы Үргенішбай Қуатов шаттанған жерлестерінің қуанышын жасыра алмай, осынау шадыман-шаттық барысында сөз сөйлеп, мұндай қолдаудың тоқабайлықтар үшін маңызы зор екенін тілге тиек етіп, халықтың саулығын бірінші кезекке қойып, заманауи үлгіде салынған амбулаторияны пайдалануға берілгенін жақсылықтың нышанына балады. Сондай-ақ, ем алып, жанға шипа іздеген үлкен-кішіге, әсіресе, жас аналарға таптырмас мүмкіндік сыйлаған амбулаторияға жедел жәрдем көлігі де табысталған.
Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлмараш Әбілдаева өз кезегінде округ бойынша 12 алтын алқа, 15 күміс алқа иегерлері бар екенін алға тартып, соңғы үлгідегі озық технологиялармен жабдықталған жаңа нысанның демографияның артуына үлкен септігін тигізетінін жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімі Тоқабай елдімекенінде салынған 100 орындық мектеп құрылысына да аялдады. Осы жерде бір айта кетерлік жайт, бұған дейін мектеп апаттық жағдайда деп танылып, білім ұясының ғимараты қайта тұрғызылған еді. Қазіргі таңда негізгі оқу корпусы, яғни А блогы пайдалануға беріліп, ұстаздар мен оқушылардың оқу процесін ойдағыдай жүргізулеріне бар мүмкіндік жасалу үстінде. Атап айтсақ, ғимаратта медициналық кабинет, компьютерлік сынып шәкірттер қажетіне жараса, 106 оқушыны бір реттік тамақпен қамтамасыз ету жолға қойылған.
Бүгінде құрылыс тоқтаусыз жүргізіліп, мектептің актив және спорт залдарын пайдалануға беру күн тәртібінде тұр. Облыс басшысы осы сапарында мектептің ел игілігіне табысталуы үшін барлық жолдарды қарастырып, сапасына мән беруді мердігерге міндеттеді.
Жалпы, Жіңішкеқұм ауылдық округінде жетістік жетерлік. Ауыл халқы биыл ауызсумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жаңа амбулатория, жаңа мектеп тұрғызылған елдімекеннің болашаққа деген сенімі нық. Алтын бесікке баланған құм қойнауындағы Тоқабайға аудан орталығына қатынауға тақтайдай тегіс жол да төселген.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
11 қаңтар 2025 ж. 106 0