Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су шаруашылығының жағдайы тұрақты бақылауда

Су шаруашылығының жағдайы тұрақты бақылауда

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен республикалық кеңес өтті. Күн тәртібінде су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды.

Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, аймақтағы су шаруашылығының жағдайын, су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы баяндады.

– Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650 текше метр су жіберілсе, оның 150 текше метрін «Көксарай» су реттегіші алады. Облыс аумағына секундына 469 текше метр су келіп түсуде. Былтыр тап осы уақытта секундына 242 текше метр су келген.

«2024-2025 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзенінен үлкен көлемдегі суды қауіпсіз өткізу жоспары» бекітілді. Су деңгейін төмендету үшін магистральді каналдар мен көлдердің су алу кестесі әзірленді. Мұздан тазарған соң секундына 1 000 текше метрге дейін су қабылдауға болады.

Су басу қаупі бар 29 аймақта арнайы техника, күш-құралдары жеткілікті, 135 жауапты мекеме бекітілді. Оларда 410 арнайы техника және 1 234 адам күші бар. Су тасқынына қарсы қолданылатын 129,7 тонна жанармай, 95 110 дана қап және басқа да материалдар қоры толық жасақталған. 61 эвакуациялық жинақтау және 71 қабылдау пункті бар. Облыс аумағындағы су шаруашылығының жағдайы тұрақты бақылауда, қауіп жоқ, – деді облыс әкімі.

Айта кету керек, тиісті сала мамандары («Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдары) Сырдария өзені арнасындағы 10 бекет пен 4 тораптағы су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілікте.

Арнайы мамандандырылған мекемемен мұз жару бойынша да келісім-шарт жасалды.

Өткен жылы 3 нысандағы қорғаныс бөгеттерін жөндеу-қалпына келтіруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді, бюджеттен тыс көздер есебінен 20 нысанда осындай жұмыстар атқарылды. Облыс аумағында 37 гидротехникалық құрылыс бар, коммуналдық меншіктегі 3 су қоймасына тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы рәсімделді. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылуда.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
16 ақпан 2025 ж. 79 0