Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық түсімдерін арттыру және бос нысандарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

Салық түсімдерін арттыру және бос нысандарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

Бүгін Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында екі мәселе қаралды. Аталған жиыннан кейін аудан әкімі А.Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті.
Аудан басшысы салық түсімдерін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, бұл мәселенің өзектілігін атап өтті. Бұған дейін кәсіпкерлерді ауданға тіркеу және жергілікті бюджетке түсетін кірістерді ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар берілген болатын. Алайда, өткен жылы атқарылған жұмыстар күтілген нәтижені бермеді. Осыған байланысты сала басшыларына салық базасын кеңейту бойынша жаңа ұсыныстар әзірлеу міндеттелді.
Салық органдары тарапынан кәсіпкерлердің есепшоттарын алдын ала ескертусіз бұғаттау мәселесі көтерілді. Бұл жағдай бизнестің дамуына кері әсерін тигізбеуі тиіс. Осы ретте тиісті сала басшыларына мәселені жан-жақты зерделеу және кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ, салық түсімдерін арттыру бағытында ірі кәсіпорындардың филиалдарын ауданға тіркеу, жалдамалы жұмысшылардың еңбекақы қорын түгендеу, тіркелмеген мүлікті анықтап, салық салу базасына енгізу және бақылау-кассалық машиналарды қолданбайтын кәсіпкерлерді анықтау мен салық міндеттемесін заңдастыру мақсатында мүлікті қайта бағалау шараларын жүзеге асыру жүктелді.
Мәжілісте аудандағы бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Аудан әкімі әрбір нысанның мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтып, ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала басшыларына қысқа мерзімде нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Фото: Арал ауданы әкімдігі 
20 ақпан 2025 ж. 69 0