Көңілде қимастық сезім қалды
Қайсыбір жылы Париж қаласында бір топ қазақ жастарымен кездескеніміз есімде. Сонда Сорбонна университетінде оқитын бір жас қыздың көзіне мөлтілдеп жас ала отырып: «Университеттің залында келе жатсақ бізді «Борат» деп шұқып көрсететеді, мазақ етеді. Алғашында түсінбей мән бермей өте беретінбіз, соңынан фильмді көргеннен кейін, қатты қорландық. Тіпті қазақ екенімізге намыстанатын да кездеріміз болды» дегені бар.
Кейін мен Африканың оңтүстік қиыры Кейптаун қаласында әлем кітапханашыларының конференциясына қатыстым. Сол жерде Намибиядан келген бір топ әріптестермен шүйіркелесіп қалайын. Оған дейін «Пески Калахари» деген романды оқыған едім. Сол арқылы ол елді шамалап білетіндіктен, жақын тартып, әңгімелесіп тұрғанда олар да менің қайдан екенімді сұрады. Мен Қазақстаннан екенімді айттым. Сол-ақ екен олар «Назарбайофф!» деп шу ете түсті. Содан ұққаным, шетте Қазақстан мен Назарбаев егіз ұғым екен. Бірде, тағы да сол шетте жүргенде бір азаматтан «Қазақстанды қалай таныдыңыз?» деп сұрайын. Сонда, ол ІІ Иоанн Павелдің сапары арқылы Қазақстанның атын алғаш рет естіп, танығанын айтты. Расында да, понтификтің Қазақстанға келген сапарын жер шарының жарымы, яғни күллі христиан әлемі байқап-бақылап отырыпты. Соңынан дүниежүзі діндарларының бас қосқан бірнеше съезі өтті. Оны да көкірегі ояу, көзі ашық әлем жұртшылығы көріп отыр. Бірнеше Олимпиада ойыны өтті. Оны да өзге жұрт қызықтап, көріп-біліп отырды. Анау Сириядағы қантөгісті тоқтату жөнінен Қазақстан бірнеше мәрте мәмілегер болды. Оған да әлем жұртшылығы разы. Дүниежүзін шулатып EXPO-ны өткіздік. Оның өзі Қазақстанның мәртебесін тағы бір көтеріп тастады.
Міне, елді, жерді танытуда, қазақтың атын шығаруда Нұрсұлтан Әбішұлының рөлі қаншалықты зор екенінің шағын мысалдары осы! Соның арқасында қазір шетелде оқып жүрген жастарымыздың еңсесі биік, жүздері жарқын. Олар бүгінде, баяғыдай қорланбайды, өзін «қазақпын», «қазастандықпын» деп мақтанышпен айта алады. Өйткені Қазақстанды дүниежүзі біледі. Осының бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі екені баршаға аян.
Нұрсұлтан Әбішұлы балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын-қыстау кезеңде басшы болды. Егер әр адам үшін тағдырдың маңдайына жазғанының барлығы сұрапыл сынақ десек, Нұрсұлтан Әбішұлы осы сынақтың баршасынан көрегендігі мен саясаткерлігінің арқасында сүрінбей өтті. Кеңес империясы құлаған сәтте дүние төңкеріліп кеткендей болып, өткел таппай абдырап, сансырап қалған елді бүгінгідей еңсесі биік, өзіне-өзі сенімді бекем елге айналдырды. Тақыр жерден тау орнатқандай болды. Қираған КСРО орнында бейбітшілік пен тұрақтылық орнаған, өз Туы, Әнұраны мен Елтаңбасы бар мемлекет құрылды. Осы арадағы отыз жыл ішінде небір алмағайып заманды бастан кештік. Соның барлығында Мемлекет басшысы әділ, тура, халық мүддесіне сай шешімдер шығара білді. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары ішкі саясатта «әуелі экономика, одан кейін саясат» деген бағытты ұстануы – заман талабы болғанын, ең сәтті шешім болғанын бүгінде уақыт өзі дәлелдеп отыр. Қай кезеңде қандай шешім қабылдануы керек екенін ерекше көрегендікпен бағдарлай білді. Сол саясаттың арқасында шаруасы шатқаяқтаған елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтылығын сақтап қалды. Ең бастысы – тәуелсіз ел, бәсекеге қабілетті мемлекет болып қала алдық. Айтуға оңай болғанымен, бұл, шын мәнінде, ұлы мұрат жолындағы ерен ерлік еді.
Қазақ халқының тағдырына әлемнің алпауыт елдерімен көрші болу жазылған екен. Солай бола тұра, ел іргесін берік ұстап, шекарамызды шегендей алдық. Көршілермен достық, ымырашылдық қарым-қатынасты сақтай білдік. Әлем алпауыттарының барлығы – біздің елімізді тәуелсіз Қазақстан ретінде мойындады, Қазақстан әлем қауымдастығынан өзінің лайықты орнын ойып тұрып алды.
90-жылдары қандай алақұйын кезеңдер болғанына бәріміз куәміз. Бастан өткердік. Сол кездің өзінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісі қолға алынды. Қазақ баласы әлемнің түкпір-түкпіріне барып, білім алды. Өйткені сол кезеңдегі біздің қоғамға әлемдік тәжірибені зерттеген зерделі, заманына сай білімді, білікті тұлғалар ауадай қажет еді.
Ал сырттан көз алартқандардың аузына құм құйып, Арқа төсінен Астанадай асқақ қаланы тұрғызу – өз алдына жеке әңгіме.
Осы жылдар ішінде қаншама жол салынды, қаншама жаңа мектеп, қаншама оқу орындары ашылды. Ауылдар абаттандырылып, бір кездері ауылдан қалаға ала дорба арқалап үдере көшкен ел қайтадан ауылға бет бұрып жатыр. Жеке кәсіпкерлерге жасалған қамқорлықтың арқасында ауылдарда үлкен сауда орталықтары салынып, ауыл шаруашылығы жаңа бағытта, ерекше серпінмен жұмыс істей бастады.
Қиын-қыстау жылдары экономика бірінші орынға шыққанымен, халықты рухани жаңғырту ісі бір сәтке де тоқтаған жоқ. Отандық кинематография, ұлттық әдебиет, мәдениет саласы қай кезде де алда болды. Жазушы қауымы бұрынғы айт дегенді айтсаң, абыройың кететін, айтпа дегенді айтсаң, басың кететін цензурадан арылды. Президент өзі де шығармашылық адамы ретінде жазушыларға не жазам, қалай жазам десең де еркінде болған мамыражай өмірді қамтамасыз етті. Осының арқасында әдебиетіміз де, мәдениетіміз де қарыштап дамыды. Нұрсұлтан Әбішұлының бастап берген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында барымызды бағамдап, жоғымызды түгендедік. Тарихи-мәдени ескерткіштеріміз қалпына келтірілді, қайта жаңғыртылды. Қазақтың тарихына, мәдениетіне, өнеріне, салт-дәстүріне қатысты құжаттар шетел мұрағаттарынан жинастырылып, 600 аталымнан астам кітап пен альбом жарық көрді. Осы бағдарламаның заңды жалғасы болып, «Рухани жаңғыру» үрдісі басталды. Бұл – ұлт Көшбасшысының шын мәніндегі дана басшылығының жарқын көрінісі еді. Өйткені қазіргі жаһандану заманында тек жерасты байлығымен ғана мемлекетті бақуатты етіп ұстап тұру мүмкін емес болатын. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы елдің басты құндылығы ретінде адами капиталды алға шығарды. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін жаңа ұрпақтың білімді, қабілетті, интеллектуал ұрпақ болуы керегін ол жақсы түсінді.
Астанамызды Нұр-Сұлтан атымен атау, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткенде көтерілген болатын. Менің пікірімше, Астанаға Тұңғыш Президент атауын беруге лайықты. Әлемде мұндай тарихи деректер кездеседі. Халық бұған лайық.
Нұрсұлтан Әбішұлының мәлімдемесінен халық өзінің бір дәуірі шын мәнінде ұлт Көшбасшысы бола білген парасатты саясаткермен, дара тұлғамен бірге өткенін, осы бір тарихи дәуір Назарбаев атымен байланысты екенін түсінді. Көңілде қимастық сезім қалды.
Әлібек Асқаров,
жазушы.