Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданындағы спорт мектептерінің жұмысымен танысты

Арал ауданындағы спорт мектептерінің жұмысымен танысты

Kyzylorda-news.kz Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев Арал ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды.

Іссапар барысында Арал қаласы және ауданға қарасты бірнеше елді мекендердегі спорт мектептерінің жұмысымен танысып, жас спортшылардың дайындығына куә болды.

Басқарма басшысы ең алдымен №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Аталмыш мектептің теңгерімінде 5 ғимарат бар болса, онда жалпы саны 1 464 спортшы қамтылған. Соның ішінде мектепке қарасты стадион және дене шынықтыру сауықтыру кешенінде олимпиадалық спорт түрлері яғни футбол, баскетбол, волейбол, таеквондо, дзюдо және үстел теннисінен 14 жаттықтырушы, 586 бала жаттығады. Ал күрес бөлімінде 320 спортшы, 8 жаттықтырушы бар. Бокс бөлімінде 4 жаттықтырушы, 162 спортшы қамтылған. Осы ретте басқарма басшысы бокс бөлімінің жуынатын орны мүлде талапқа сай келмейтінін айтып, ескерту жасады. Аталған олқылықты жуық арада шешіп, балаларға ыңғайлы жағдай жасау керектігін қатаң түрде тапсырды.

Басқарма басшысының келесі аялдаған нысаны – Сексеуіл кентіндегі №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Бұл спорт кешені 2023 жылы пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда онда бокс, қазақ күресі, футбол, еркін күрес, грек-рим күресі бойынша 418 спортшы бар. Ал жаттықтырушылар саны – 10. Нысанды толық аралаған Бахтияр Ғарифоллаұлы олимпиадалық спорт түрі бойынша жаттығатын залдардың талапқа сәйкес келмейтінін және спортшылардың дайындығына кедергі келтіретін өрескел кемшіліктерді айтып, мектеп директорына қатаң ескеру жасады.

Іссапар барысында Жақсылыш елді мекенінде жаңадан салынған спорт кешенінің ашылу рәсімі өтті. Жиынға Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев және ауыл ақсақалдары қатысты. Басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, өз ризашылықтарын білдірді.

Сапар соңында басқарма басшысы Қамыстыбас және Аманөткел елді мекендеріндегі спорт кешендеріне барып, нысандардың жұмыс барысымен танысты.

Жалпы Арал ауданында 32 113 адам тұрақты спортпен шұғылданады. Есепті кезеңде ауданның 6 спортшысы жас ерекшеліктері бойынша ҚР құрама командасына енді. Ал 36 жас өрен спорт шеберіне кандидат нормативін орындады. Аралдық спортшылар өткен жылы Әлем чемпионаттарынан – 5 алтын, 6 күміс, 6 қола, Азия чемпионаттарынан – 1 алтын, 1 қола медаль еншілесе, ҚР чемпионаттарынан – 11 алтын, 9 күміс, 10 қола жүлдені аймақ қоржынына салды.

Осы ретте басқарма басшысы олимпиадалық спорт түрлеріне айрықша басымдық бере отырып, жүлде санын көбейту керектігін айтты.
Айта кетейік, іссапар жалғасы Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында жалғасатын болады.
06 наурыз 2025 ж. 49 0