Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Масаның миын шақ!

Масаның миын шақ!

Америкалық ғалымдар масадан құтылудың оңай жолын тапты. Ол  үшін дабстеп жанрындағы музыка қосу керек екен. Әсіресе, америкалық «Skrillex» тобының «Scary Monsters And Nice Sprites» әні қасыңызға шыбын жуытпайтын көрінеді. Шыбын-шіркейлердің өсіп, өнуі мен дерт таратуын зерттейтін ғалымдардың уәжіне сенер болсақ, жәндіктердің ұрықтануы мен көбеюіне, өмір салтына электронды дыбыс қатты әсер етеді екен. Теориясын іс жүзінде дәлелдеуді жөн көрген оқымыстылар сары масаның ересегіне электронды музыканы «тыңдатыпты».  Әлемдік «Гремми» сыйлығын иемденген айтулы музыкалық шығарманы «маса зерттеушілер» ең жоғары және ең төменгі жиіліктердің үйлесіміне байланысты таңдаған екен. Сонымен, www.sciencedirect.com АҚШ ғылыми порталында жарияланған еңбекке жүгінер болсақ,  дабстепке ұйыған америкалық масалар біраз уақыт қимылдан қалыпты. Сондай-ақ, будандасуы мен жалпы қозғалыстарын баяулатқан. Ең қызығы, осы музыканы тыңдағаннан кейін масалар адамды сирек шағып,  қанын аз соратын болыпты. Езуге күлкі үйірткен жаңалықты әлем жұртшылығының әрқилы қабылдап жатқанын айта кеткен жөн. Оқырмандардың дені осы әуеннің адам түгілі масаның да миын ашытатынын жазған. Енді бір оқырман осы зерттеуден Американың жаңа музыка мәдениеті мен салтын өзге елдерге насихаттауды аңғарыпты. Әлеуметтік желіде айтулы әуенді жәндіктерге «тыңдатқандар» да табылып жатыр. Нәтижесінің әртүрлі екенін ескерер болсақ, жаңалықтың – насихатқа негізделгенін сезесіз. Алты ай қысы енді аяқталып жатқан қостанайлықтар әзірге, мұндай эксперимент жасай алмайды. Алда – жаз. Сол кезде музыкаңызды масаларға да тыңдатуды ұмытпассыз…  

Жұматай Кәкімжанов.
kostanaytany.kz
04 сәуір 2019 ж. 1 970 0