Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аянның аты баршаға аян болды

Аянның аты баршаға аян болды

Елбасының басты назарында болған мәселелердің бірі салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту еді. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар нәтижесін беріп, ауданымызда да көптеген жастар мен жасөспірімдер жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Солардың бірі – Аян Қамбаров. Аян жуырда ғана панкратион спортынан Ақтау қаласында өткен Республикалық біріншілікте өз мықтылығын дәлелдеп, аудан абыройын асқақтатып қайтты. Жарыс жолындағы қарсыластарын қапы қалдырып, ақтық кездесуде ғана қолда тұрған алтынды уысынан шығарып алған 14 жасар жекпе-жек спортының жас шебері күміс жүлдені еншілеп қайтты.
Аян Қамбаров жарыстан алған әсер әсерін бізбен бөліскен кезінде:
– Қазақстан Республикасының чемпионатында әлсіз қарсыластың болмайтынын іштей сезіп барсам да, жарыс барысында тіпті қиынға соғарын білмеппін. Бірақ, бар күшімді салдым. Бапкерімнің айтқанын жасап, күнделікті жаттығулардағы айла-тәсілдерді қолданып, қарсыластарымды жеңіп, күміс жүлдеге қол жеткіздім. Жеңіске жетуіме қолдаушыларым мен бапкерімнің, үміт артып отырған ата-анам мен барша 262 мектеп-гимназияның ұстаздарына алғысымды айтамын дейді.
Шынашақтай ғана жерлесіміздің жеңіске деген құлшынысы мен жүлде алғандағы қуанышы шынымен-ақ ерекше. Қолдау бар жерде биікке қанат қағатын жастардың осындай жігерлі, жалынды болғанына қарағанда көзіміз тойып-ақ қалды. Бізбен әңгімелесуге келісіп, шәкіртінің қуанышын бөліскен Фараби Сауытбаев:
– Аралда қадамынан зор үміт күтетін жас спортшылардың қарасы өте көп. Әсіресе, бір кездері ауданымызда кенже қалған осы жекпе-жек түрлерінің бүгінгі даму қарқыны өте жақсы. Жасөспірімдер мен жастар арасында кеңінен қанат жайып келе жатқанына бірден бір дәлел осы Аянның жеңісі. Қазақстанның барлық облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан қатысқан көптеген панкратион спортын жанына жақын еткендер арасында осындай нәтижеге қол жеткізу біз үшін үлкен мәртебе. Аянымыз осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда топ жарады деген үмітіміз бар, – дейді қуанышын жасыра алмай.
Біз де, жерлесіміздің жеңісті күндері көп болсын дейміз. Биіктерді бағындырар балған спортшыларымыздың қадамына сәттілік тілейміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ.
04 сәуір 2019 ж. 1 264 0