Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы: Біліммен қатар тәрбиеге көңіл бөлу өте маңызды

Мемлекет басшысы: Біліммен қатар тәрбиеге көңіл бөлу өте маңызды

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қабылданған шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің айтуынша, өткен жылы еліміздің барлық аймағында балаларға Психологиялық қолдау орталықтары ашылып, заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданғаннан кейін жағдай біршама жақсарғанымен, шалғай аудандарда әлі де келеңсіз оқиғалар орын алып жатыр.

«Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент білім мен тәрбиенің қатар жүруінің маңыздылығын атап өтті.

«Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды», деді ол.

Осы мақсатта былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске қосылған еді. Бұл ретте Мемлекет басшысы аталған құжатты барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелеріне енгізу қажеттігін айтты.

«Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Нұрболат Нұржаубай 
14 наурыз 2025 ж. 31 0