Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамды алаңдататын құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейген

Қоғамды алаңдататын құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейген

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен күресу әлемнің көптеген елдерінде әлеуметтік және құқықтық жұмыстың маңызды аспектісі болып табылады. Бүгінде сол барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Бұған дәлел - тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтар мен ажырасулар санының артуы.
Соңғы жылдарда тұрмыстық-зорлық зомбылықтың алдын-алу және жолын кесу бойынша әртүрлі стратегиялар мен шаралар әзірленіп, енгізілді. Қоғамдық сананы жандандыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықты байыпты назар аударуды және шешуді қажет ететін мәселе ретінде тану маңызды қадам болды.
2023 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге жауапкершілік белгілейтін баптарға өзгерістер еніп, жауаптылық түрлері қатаңдатылды. Дегенмен, соған қарамастан отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер әлі де тыйылмай келеді.
Аудандық сотта жыл басынан бері ӘҚБтК-нің 73-бабымен яғни, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үйде жасалған басқа да әрекеттерге байланысты 87 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 53 адамға әкімшілік шара көрілген, 34 адамға қатысты іс құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.
Осыған орай, жуырда әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданып, әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкерщілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.
Статистикалық мәліметке сәйкес, аудандық сотта 2023 жылы ӘҚБтК-нің 73-1 бабымен 26 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс, 73-2 бабымен 117 іс қаралса, 2024 жылы жаңа өзгерістер қолданысқа енгізілген 16 маусымға дейін ӘҚБтК-нің 73-1 бабымен 7 іс, 73-2 баппен 62 іс қаралған.
Енді бұған дейін денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері үшін әкімшілік жаза көздеген ӘҚБтК-нің 73-1, 73-2 баптары жаңа өзгерістерге сай, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылып, Қылмыстық кодексіне 108-1 және 109-1-баптар болып толықтырылған.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстегі денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіру (ҚК-нің 106, 107 бабы) қылмыстары үшін жауаптылық қатаңдатылған.
Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның құқықтық санасына және мінез-құлқына жүйелі түрде мақсатты ықпал ету үшін, оның тарапынан жаңа құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын қорғау нұсқамасын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік көзделген ӘҚБтК-нің 461-бабы 1-1-бөлікпен толықтырылып, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет үшін жиырма тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын көздейді. Айта кетерлігі, жыл басынан бері аудандық сотта қорғау нұсқамасын бұзған тұлғаларға қатысты 12 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.
Қорыта айтқанда, Ата Заңымызда көрсетілген ең басты құндылық адам және оның құқықтары мен бостандықтары болып табылғандықтан заң адамға, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға неғұрлым жанасымды бола түсуі қажет. Осы мақсатта, қоғамды алаңдататын құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейтілген.

Арал аудандық сотының
судьясы Б.Керуенбаев.

Сурет: martebe.kz

25 шілде 2024 ж. 168 0