Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жайлы

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жайлы

Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңда, тұрмыстық зорлық-зомбылық - отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бiр адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтiретiн немесе келтiру қаупi бар құқыққа қарсы қасақана әрекетi (iс-әрекетi немесе әрекетсiздiгi) - деп көрсетілген.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі заңдар келесі міндеттерді көздейді: шұғыл түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу; жәбірленушіге қауіпсіздік жағдайларын жасау; жәбірленушіге көмек түрлерін көрсету (ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б.) және құқық бұзушыға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану.
Қолданыстағы заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 10 тарауындағы 73 бапта Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты құқық бұзушылықтар бойынша жеке адамдардың жауаптылықтары көрсетілген.
Нақтырақ айтқанда, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын тұрғын үйде жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса осы баппен жауапкершілікке тартылады. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған жағдайда он тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. Әкiмшiлiк қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осы баптың ескертпесіне сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар деп ерлi-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайыптылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар түсiнiледi.
Статистикалық мәліметке сәйкес, ӘҚБтК-нің 73-бабымен яғни, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты аудандық сотта 2023 жылдың 12 айында 170 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 114 адамға әкімшілік шара көрілген, 56 адамға қатысты іс құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған.
Мысалыға айтар болсақ, қала тұрғыны Г.Ж. деген азамат бұрын отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттері үшін әкімшілік жазаға тартылған адам бола тұра, 2024 жылдың маусым айының 16-сы күні масаң күйінде үйіне келіп, айқай-шу шығарып, әйеліне балағат сөздер айтып, сыйламаушылық көрсеткен.
Аталған іс сотта қаралып, құқық бұзушының кінәсі толық дәлелденіп, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Отбасы-мемлекеттің негізгі буыны. Отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты сіңіретін тәрбие ошағы. Сондықтан әр адамзат адам баласының түп қазығы, алтын ұясы ол – отбасы екенін толық сезінуі қажет деп есептейміз.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаларына әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Онда әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкерщілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілген.

Арал аудандық сотының
бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы Қ.Мамбеталиева
26 маусым 2024 ж. 218 0