Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент: Әйелдер мен балалар қауіпсіздігін күшейту керек

Президент: Әйелдер мен балалар қауіпсіздігін күшейту керек

Жастардың арасындағы жантүршігер жағдайлар мен отбасындағы зорлық-зомбылық жиілеп, күн тәртібіндегі мәселеге айналып барады. Президент бұған жауапты орындар қызметін жөнді атқарып жатқан жоқ дейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау қажеттігін айтты.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр.

Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол елімізде қауіпсіз қоғам құру басты міндет екенін ескертті.

«Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», деді Президент.

egemen.kz
19 сәуір 2023 ж. 171 0