Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дария бойындағы ахуал тұрақты

Дария бойындағы ахуал тұрақты

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Арал ауданына арнайы сапармен келіп, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев және су шаруашылығы мамандарымен бірге Қамыстыбас көлдер жүйесіндегі қазіргі ахуалмен танысты.
Ауданға арнайы келген мамандардың қатарында Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Тұралиев, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Ролан Ахметов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов және Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының басшысы Мешітбек Сағитжан бар.
Қазіргі таңда, Басықара су тоспасынан төмен қарай секундына 280 текше метр су түсуде. Жайылымдық жерлерді суландыруда маңызға ие Бұрмақұлақ учаскесінен жоғары тұрған каналдарда ахуал қалыпты деңгейде. Ал төменге, Ақлақ су тоспасы арқылы Кіші Арал теңізіне секундына 160 текше метр су тасталуда. Сырдария өзенінің ахуалы тұрақты бақылауда, дария бойындағы елдерге судан келер еш қауіп жоқ.
Сырдария өзенінің бойында мұз ұстасып, сең жүреді деген аймақтар толықтай бақылауға алынған. Облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов бастаған мамандар алдымен Аманөткел ауылы маңындағы «Шарткен ата» көпірінде болып, дарияның ағысы мен көтерілу деңгейін бақылады.
«Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін суландыру мақсатында салынған «Аспай» суағытқысының және Бұрмақұлақ арнасының жағдайын да бақылады. Аталған аймақтарда дария суы қалыпты деңгейде. Дария бойындағы жағдайды көрген Бахыт Дүйсенұлы жауапты мамандарға дарияның су өткізу деңгейі бойынша ахуал жіті назарда болуы керектігін жеткізді.
Алдағы уақытта дариядан су көп мөлшерде келген жағдайда бөгеттерді жарып өту қаупін болдырмас үшін алдын алу шараларын қазірден үйлестіріп, кез келген жағдайға тас-түйін дайын болу керектігін атап өтті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі 
16 наурыз 2025 ж. 80 0