Сырдария өзеніндегі суды қауіпсіз өткізу мәселесі талқыланды

Осыған орай кеше Қазалы ауданына облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов және облыстық жұмылдыру басқармасының басшысы Мұса Қалдарбековпен бірге арнайы келіп, Сырдария өзенімен өтетін мол суды қауіпсіз өткізу жолдарын талқылады.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Ролан Ахметов қазіргі таңда Ә.Тыныбаев атындағы су торабы арқылы Ақсай арнасына 45, «Оң жаға» каналына 12, «Сол жаға» каналына 28, «Өтебас» каналына 5, «Әбжел» жайылымдығына 5 текше метр су жіберіліп жатқанын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Қазалы ауданындағы каналдардың мүмкіндігіне қарай «Ақсай» және «Оң жаға» арнасы арқылы жайылымдықтар мен көлдерге қосымша су жіберу жөнінде тапсырма берді.
Кездесуде алдағы уақытта «Өтебас» каналына тазарту жұмыстарын жүргізу, Масақбай бөгетіне 3-5 текше метр су өткізе алатын гидротехникалық құрылыс салу жөнінде ұсыныстар айтылды.


