Наурызнама онкүндігі кең ауқымды гала концертпен түйінделді

Бүгінде Наурыз – ұлтымыздың рухани жаңғыруының, ұлттық дәстүрлеріміздің қайта түлеуінің жарқын көрінісі. Бұл мереке тек табиғаттың ғана емес, адамдардың да жүрегіне мейірім мен жылулық сыйлайтын, жақсылыққа бастайтын татулық пен келісімнің, мейірімділік пен өзара құрметтің мерекесі. Ата-бабамыз бұл күнді ерекше қуанышпен қарсы алып, ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнаған.

Мыңжылдықтардан жалғасқан қасиетті үрдіс биыл да жаңа ерекшелікпен жалғасын тапты. Президент әр күнге айрықша атау беріп, 10 күн бойы төл медениетіміздің мазмұнын байытар байыпты бастамалар қолға алынды. Халқымыздың дәстүрі жаңғырып, танымы тереңдей түсті. Әсіресе рухани құнды азық болатын тағылымды шаралар әрбір аралдықтың көңіл сарайын жадыратты деуге толық негіз бар. Әр күні тағылымға толы сол наурызнаманың бүгін соңғы, яғни Тазару күні.

Бүгін де бұл күннің мазмұны ашыла түсті. Тазару күні азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді десек аралдықтар да бір ауыздан өз өлкесінің тазалығына атсалысты. Қаланың әр аймағында сенбіліктер ұйымдастырылып, түрлі ауқымда тал егу акциялары өтті.
Кешкілік он күн бойы өткен шаралардың лайықты қорытындысы ретінде аудан орталығында елімізге танымал өнер жұлдыздары, жерлесіміз Жанболат пен Жазираның және өнер саласында жүрген шәкірттерінен құралған "Әгугай" ансамблінің қатысуымен кең ауқымда гала концерт өтті. Көпшілікті танымал әндерімен тамсандырып жүрген жұлдызды жұп аралдықтарды ән-жырмен сусындатты.
Осылайша он күн бойы өнер мен мәдениет, дәстүр мен руханиятты ұлықтаған айтулы шаралар өз мәресіне жетті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі