Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шақпақтан туған шатпақ

Шақпақтан туған шатпақ

Бүгінгі таңда спорт үлкен күрестің бір түріне ұласып кетті десек артық айтқандық емес. Тіпті бір кездердегі ел ішіндегі соғыстар мен қақтығыстар тоқтатылғанымен қазіргі уақытқа дейін спорттық бәсекелерді соның жалғасы ретінде қарастыратындар да бар көрінеді. Мәселен, «Эль-класико» деген атауға ие болған, барша әлемнің футбол жанкүйерлері асыға күтетін  Мадридтік Реал мен Барселона футбол командаларын соған мысал етсек болатындай. Каталонияның намысын қорғайтын Барселонаның Реалмен кездесуін испан жанкүйерлері бір кездегі Каталонияның бостандық сұрауы жолындағы орын алған қақтығыстардың, тартыстың бір көрінісі деп санайды екен. Бірақ, менің айтпағым бұл емес. Мұнан бөлек қай спортты болмасын өмірмен тікелей байланыстыруға болатындай көрінеді.
Бірде жедел жәрдем қызметіне жүгініп, қоңырау шалдым. «Сіздің шақыртуыңызды тіркедім, күтіңіз» деген сөзді есітіп, тұтқаны тастадым. Қай жерің ауырса жаның сол жерде болады емес пе? Жедел жәрдем қызметі қаншалықты жедел келгенін білмеймін, бірақ сағат тілі тұрған орынынан бір айналып шыққанын анық байқадым.
Жедел жәрдем көлігін шығарып салып тұрып, көлік сыртындағы шақпақ белгісін көріп, «бұл не себепті салынды екен?» деген ой санама орала кетті. Артынша, шахмат тақтасына өте ұқсас екенін сезіп, жедел жәрдем қызметі мен шахматтан ұқсастық іздей бастадым. Құр іздеп қана қоймай тауып алдым.
Шахмат ойынының шығу тарихы тым тереңде болғанымен 1989 жылы мынадай дерек тіркеліпті. Белград қаласында Иван Николич пен Горан Арсович есімді шахматшылардың арасындағы ойын тура 20 сағат 15 минутқа жалғасып, жеңімпаз анықталмапты. Бұл мәліметке қарап 1 сағаттан аса уақыт күткенімді бақытыма баладым. 20 сағат күткенде жағдайым не болмақ деп ойлап қоямын.
Бұл ең ұзақ уақыт ретінде соңғы енгізілген ереже бойынша ғана тіркелген көрсеткіш екен. Бастапқыда шахмат ойындары шектеусіз ойналатын ойын түрі ретінде қалыптасқан. Осылайша ойыншылар бір-бірін шаршатып, тіпті бірнеше күн қатарынан ойнай алатын болған. 1851 жылы шахмат турнирінде төрешінің көмекшісі шахмат паритиясына «ойыншылар ұйықтап қалғандықтан ойын аяқталмады» деген қорытынды да жариялапты. Сол олқылықты болдырмау үшін жаңа ереже қабылдап, 1883 жылы британдық Томас Уилсон жасаған алғашқы механикалық «шахмат сағаты» пайда болған екен. Осы орайда мен де бір ұсыныс айтуды жөн көрдім. Бәлкім,  жедел жәрдем қызметкерлеріне де арнайы бір уақыт өлшейтін, келіп түскен қоңыраудан белгілібір уақыт аралығына дейін көмекке баратындай заңдылық қарастырармыз. Не десек те адам өмірі шахмат сиқты ойын емес қой.
Айтпақшы, бұл ойынның атауы да бір түрлі екен. Шах және мат сөздерінің тіркесі парсы тілінен аударғанда «патша өлді» деген ұғым беретіні де суық естілді. Шындығына келгенде мейлі хан болсын, мейлі халық болсын, әркім өз өмірінің патшасы. Сол  патшалардың өміріне «мат» қойылмасын десек, жедел жәрдем де атына сай жұмыс жасауы керек-ақ.
Бұл тек менің сөзім емес, халықтың сөзі. Халық айтса, қалт айтпады.
О. ЖОЛДАСОВ.
08 сәуір 2019 ж. 681 0