«AMANAT»: Жастарды баспанамен қамту маңызды міндеттердің бірі

Кеңес жиынына «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы органдар мен БАҚ өкілдері және «Жастар Рухы» ЖҚ оқу орны бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев өңірдегі «Сыр жастары» мемлекеттік бағдарламасы жайындағы жасалып жатқан жұмыстар хабарлама жасады.
«Бағдарлама аясында мыңға жуық жастан құжат қабылданып, 60 жасқа 2024 жылдың мамыр айында қаламыздың Сол жағалауында орналасқан жаңа, үш бөлмелі пәтерлердің кілті табысталса, қалған 40 жасқа Бименді Баймаханов көшесіндегі жаңа үй пәтерлерінің кілті желтоқсан айында берілді. Бағдарламаның оңтайлы шарттары мен тиімді несиесі жастарға қолдау болып, қоғамда оң пікірге ие болып үлгерді. Осы орайда, бағдарламаны жүзеге асыру барысында келіп түскен ұсыныстар мен жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесіне сәйкес, бағдарламаның 2025 жылғы ережесі мен шарттарына облыстық мәслихаттың 2024 жылдың 9 желтоқсанындағы №141 шешімімен бірқатар өзгерістер енгізілді. «Сыр жастары» бағдарламасын 2025 жылы жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен бюджеттік несие ретінде 1,2 млрд теңге бөлініп, «Отбасы банк» АҚ-ының банктің шотына аударылды» – деді Уәлихан Серікұлы.
Отырыс қорытындысы бойынша «Сыр жастары» тұрғын үй бағдарламасын одан әрі жетілдіру және жастар арасында кеңінен ақпараттандыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныстар қабылданды. Айтылған ұсыныстар арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті орыгандарға жолданатын болады.
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: Аманат партиясы