Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық сақтау саласы дамып келеді

Денсаулық сақтау саласы дамып келеді

Қазіргі заманда технология жедел дамыған ғой. Ара қашықтық айшылық алыс жерде болса да, болып жатқан жағдайды қаз-қалпында көріп отырмыз. Айтқым келгені 14 ақпан күні болған облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуі жайында ғой. Яғни, біз өз үйімізде отырып-ақ, сол есептік кездесуді ғаламтор арқылы тамашаладық. Аймақ басшысы баяндамасында осы жылы атқарылар жұмыстардың ішінде барлық саланы қамтыды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы жайында, бұл салада қолға алынар жұмыстарды айтты.
Нақтысы, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыс көлемінде 3 ауданда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталатын болды. Сол құрылыстың бірі ауданымызда қолға алынатыны бізді қатты қуантты. Енді бекбауылдықтар үшін биыл жаңа дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар, өткен жылдың басты жаңалықтарының бірі десек болады, көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе ауданымыздан орталық аурухананың құрылысын салу еді. Бұл жұмыс та шешімін тауып, республикалық бюджеттен тиісті қаржылар бөлініп, қазіргі таңда аурухананың жаңа ғимараты Арал қаласынан бой көтерді. Биылғы жылы бұл нысанды халықтың игілігіне беру жоспарлануда екен.
Сондай-ақ, медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында ауданда «ВВNURA» гемодиализ орталығы ашылғаны көптің есінде. Және де мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Қосжар, Мергенсай, Ақбасты елді мекендерінде жаңа медициналық бекет пайдалануға берілді. Бұл жаңалықтарды да уақытысында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, біліп отырмыз. Міне, ауданымыз үшін денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар бізді қуантуда. Осының бәрі еліміздің бағына бұйырған тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз.
А.Нұрқожаев,
денсаулық сақтау саласының ардагері,
Арал қаласы
16 ақпан 2018 ж. 1 289 0