Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты шара өтті

Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты шара өтті

Кеше аудандық мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты мерекелік салтанатты шара өтті.
Мерекелік мәні зор салтанатты шараның шымылдығы соғыс жылдарындағы көріністі бейнелейтін арнайы қойылыммен түрілді. Қазақтың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүктің кейінгі буын арасындағы рухани байланысы көрініс тапқан қойылым көптің көңілін толқытып, қан майдан мен мамыражай күннің айырмашылығын ұғындырды.
Артынша сахна төріне еліміздің мемлекеттік Туы кіргізіліп, Әнұран шырқалды.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, соғыс жылдарының ауыртпашылығы мен аралдықтардың майдандағы ерлігіне тоқталып өтті.
– Құрметті ағайын, қадірлі жерлестер! 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Бұл – ел тарихындағы ерекше маңызы бар қос мереке. Бірі – бейбіт өміріміздің берік қалқаны болған Отан қорғаушыларға деген құрметтің белгісі болса, екіншісі – тарих төріне мәңгілікке жазылған, қасіреті мен қайсарлығы қатар өрілген Ұлы Жеңіс күні. Тарих төрінен ойып орын алған Ұлы Отан соғысының аяқталғанының – 80 жылдығы ұрпақтар жадында жатталып, жүрек түкпірінде сақталар қасиетті белес. Соғыс өрті тұтанған ауыр жылдарда қазақ даласы миллиондаған адамды майданға аттандырды. Еңкейген қариядан бастап, еңселі азамат, бұғанасы қатпаған жасөспірімдер туған жердің тыныштығы үшін жан аямай күресті. Халқымыздың құрметке лайық қаһармандығы мен қайтпас қажыр-қайратының айнымас үлгісіне айналған Жеңіс күні баршаңызға құтты болсын, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Салтанатты шарада қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қадағалу қызметінде аянбай еңбек етіп келе жатқан бір топ құқық қорғау, әскери сала қызметкерлері мен ардагерлері облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шара барысында елдің тыныштығы мен тұтастығы және мызғымас бірлігін паш етер рухты әндер шырқалып, аудан өнерпаздарының түрлі жанрдағы коцерттік бағдарламасы жұртшылық назарына ұсынылды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
07 мамыр 2025 ж. 116 0