«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі»
Бүгін аудандық мәдениет үйінде 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне арналған «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа үлгі» атты салтанатты жиын өтті.
Отан үшін жан берген бабаларымыздың ерлік істерінен сыр шертетін қойылыммен шымылдығын түрген шарада алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Гимн орындалды.
Мұнан соң аудан әкімі Серік Сермағамбетов жиналған қауымды 7 мамыр - Отан қорғашылар күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
- Бүгінгі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінің мәні зор, мағынасы терең. Қандай да бір елдің әлем алдындағы мықтылығы оның әскері және заманауи техникаларының сапасымен өлшенетіні рас. Осы ретте биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізі қаланғанына 30 жыл толып отыр. 1992 жылдың 7 мамырында негізі қаланған бұл күн - күнтізбеміздегі ең бір елеулі, айрықша мерекеміз іспетті. Жаужүрек батырлардың бүгінгі лайықты ізбасарлары саналатын ұландар ел шекарасын қырандай күзетіп, Отан алдындағы борышын сызат түсірмей өтеуде, - деп, бұл күннің тарихи маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік шара одан әрі аудан әкімінің Семей сынақ алаңы, Чернобль апаты, Ауған соғысының ардагерлерін, аудандық қорғаныс істер бөлімінің қызметкерлерін және білім беру ұйымдарындағы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерін құттықтау рәсіміне жалғасты.
Мерекелік кеш ауданның күміс көмей әнші, талантты өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында майдангер бабаларымыздың Отан қорғау алдындағы ерен еңбектері кеңінен насихатталып, мерейлі мереке жоғарғы деңгейде аталып өтті.
"Толқын" ақпарат