Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданды

«Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданды

2025 жылғы 13 мамырдағы Үкімет отырысында Қызылорда облысында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) құру туралы шешім қабылданды.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – аэрохабтарды дамыту, әуежайлардың, автомобиль магистральдарының инфрақұрылымын жетілдіру.
Осы бағытта Қызылорда қаласындағы халықаралық әуежайдың жаңа терминалына іргелес 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылады. Бұл бастама – өңір экономикасын әртараптандыруға, мұнай өндірісіне тәуелділікті төмендетуге және жаңа өндірістік бағыттарды қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам.
АЭА құрылымына авиацияға қызмет көрсету, көтерме-бөлшек сауда, қоймалау және сақтау, сондай-ақ, өнеркәсіптік аймақтары кіреді. Арнайы экономикалық аймақта құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, көлік-логистика, технологиялар мен инновациялар салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Атап өту қажет, АЭА құрудың белгіленген қағидаларына сәйкес, 28 экономикалық қызмет түрінің тізбесі келісілді.
«Қорқыт Ата» АЭА құрылуы – инвестиция тартуға, өндірістік қуатты арттыруға және Қызылорда облысының экспорттық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
13 мамыр 2025 ж. 40 0