Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді

Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді

Азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту - басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл - жұмыссыз азаматтарға нақты қолдау. Осыған орай, «Нұрсәт» теннис орталығында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында «Болашаққа бағдар» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және “Қызылордада жасалған” өнімдер жәрмеңкесі өтеді. Шара аясында қызылордалықтарға тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз-конференциясында еліміздің әр өңірінен келген Еңбек мобильділігі орталықтарының директорлары мәлімдеді.

- «Болашаққа бағдар» жәрмеңкесі - жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді тікелей байланыстыратын тиімді алаң. Біз бұл шараға мемлекеттің жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына ықпал ететін бағдарламаны түсіндіру мақсатында арнайы келіп отырмыз. Жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге көшу - ел экономикасының теңгерімді дамуы үшін маңызды қадам. Солтүстік Қазақстан облысы - еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының маңызды орталығы. Облысымызда жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс күші тапшы аймақ ретінде біз еңбек ресурстарын көбейтуге, кадр жетіспеушілігін шешуге ерекше көңіл бөлудеміз. Осы бағытта Қызылорда облысымен тығыз ынтымақтастық орнатылып келеді. 2020 жылдан бастап Қызылорда облысынан Солтүстік Қазақстан облысына 765 адам немесе 238 қоныс аударушы отбасы қоныс аударды. Бұл отбасылар қазір біздің өңірде тұрақты өмір сүріп жатыр, олардың барлығының тұрғын үйлері, жер телімдері бар және әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген. Бұл бағдарламаның тиімділігін көрсететін нақты мысалдардың бірі. Біз көшуге ниетті азаматтарды қолдауға, жаңа ортаға бейімделуге көмектесуге дайынбыз. Қоныс аудару бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған,- деді Солтүстік Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Аман Жақсыбайұлы.

- Бұл жәрмеңке - еліміздің өңірлері арасындағы еңбек ресурстарын тиімді үйлестіруге, азаматтарымызға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған маңызды шара. Осы бастама аясында біз, Шығыс Қазақстан облысы, еліміздің оңтүстік өңірлерінен, оның ішінде Қызылорда облысынан азаматтарды жұмыс күші тапшы аймақтарға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Жыл басынан бері Қызылорда облысынан Шығыс Қазақстан облысына 3 отбасы қоныс аударып, тұрақты жұмысқа орналасып, жаңа өмір бастады. Бұл - еліміздің ішкі көші-қонын жүйелі жүргізудің, азаматтарға нақты қолдау көрсетудің нәтижесі. Біздің өңірде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салаларында бос жұмыс орындары жеткілікті. Қоныс аударушыларға тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдер тағайындау, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру сияқты жан-жақты қолдау қарастырылған. «Болашаққа бағдар» жобасы - тек бос жұмыс орнын ұсыну ғана емес, бұл - жаңа өмірге жол ашу, отбасы үшін тұрақты тұрмыс пен жарқын келешекке бастар жол,-деді Шығыс Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Арайлым Керімбекқызы.

– Павлодар облысы көші-қон бағдарламасына ең бірінші болып қатысқан өңірлердің бірі. 2016 жылдан бері біздің облысқа 20 000-ға жуық адам көшіп келді. Оның 30 пайызы қандастарымыз болса, қалғандарының бәрі де оңтүстік өңірлерден келген отбасылар. Көшіп келушілердің 90 пайызға жуығы Павлодар өңірінде тұрып жатыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Себебі, бағдарлама бастау алған жылдары бізде де күмән болған еді. Алайда, оңтүстіктегі халық саны көп орналасқан елді мекендерден Павлодарға келушілердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Биыл біз 4 050 адамды өз өңірімізге қабылдауға дайынбыз,- деді Павлодар облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Сейтбекқызы.

- Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі - еліміздегі өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, еңбек нарығындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Ұлытау облысы - еңбек күші тапшы, бірақ жұмысқа ниетті азаматтарға есігін айқара ашқан өңірлердің қатарында. Біз бұл жәрмеңке арқылы тек жұмыс орындарын ғана емес, жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты өмірге бастар жол ұсынып отырмыз. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан барлық тиісті қолдау көрсетіледі. Жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік бейімделу - осының бәрі біздің басты назарымызда. Жаңа ортаға тез үйреніп, өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасалады. Ұлытау облысы - тамыры терең, табиғаты көркем, болашағы зор өңір. Сіздерді осы қасиетті аймақтың дамуына үлес қосуға шақырамыз,-деді Ұлытау облысының жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Шәміл Жұманазарұлы.

- Абай облысы - әлеуеті зор, кәсіби мамандарға сұраныс жоғары өңір. Жаңадан құрылған бұл облыс бүгінде даму қарқынына ие, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Өткен жылы Қызылорда облысынан 5 отбасы Абай еліне қоныс аударып, өздеріне лайықты жұмыс тауып, жаңа ортаға сәтті бейімделді. Бұл - өзара сенім мен жүйелі жұмыстың нақты жемісі,-деді Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы Айдана Аманғазықызы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі 

20 мамыр 2025 ж. 36 0