Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Депутат таксидегі жағдайға қатысты: ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді

Депутат таксидегі жағдайға қатысты: ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов ірі такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін реттеуге қатысты ұсыныс айтты. 

— Соңғы жылдары нарықта цифрлық платформалар артып жатыр. Бірақ, көлік қызметтері нарығында біз автобекеттердің іс жүзінде жоғалып кеткенін, қалааралық тасымалдау көлемінің азайып бара жатқанын байқаймыз. Такси парктері үлкейеді немесе банкротқа ұшырайды. Жүз мыңдаған қазақстандық жүргізушілер цифрлық такси агрегаттарына қатты тәуелді болды. Төленген әрбір жол ақысының бір үзімін отандық жүргізуші алса, қалғанын сырттағылар алып отыр. Осы күнделікті тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен онлайн сервистік такси қызметінен тапқан табыстардың белгілі бір пайызы сыртқа кетіп жатыр. Бір қарағанда барлығын шетелдік технократтар жасап беріп жатыр ғой дей салуға болады. Шын мәнісінде, біз соларға тәуелді болу арқылы ішкі қаржы айналымында оңбай ұтылып жатырмыз, — деді Мархабат Жайымбетов Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, қазіргі таңда цифрлық такси платформалары 16 пайыздан басталып, қосымша таксопарктер тағы 2-4% қосып алады.

— Шын мәнінде, табыстың көп бөлігі платформалар мен таксопарктердің комиссиясына кетіп, жүргізушілерді күректеп ақша тауып жатыр деп айта алмаймыз. Шетелдік платформалар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр, нарықтың басым бөлігі соларда. Елімізде отандық қосымшаларға қолдау аз, ресурсы шектеулі болғандықтан, олар бәсекеге төтеп бере алмайтынын байқаймыз. Бәсеке болмаған соң халықтың таңдау мүмкіндігі тарылып, сапа мен баға мәселесі де шешілмей тұр. Жеке қабылдауларда халық такси тарифтерінің негізсіз қымбаттауын алға тартады. Әсіресе, мереке күндері немесе күн райы күрт өзгерсе баға бірден шарықтап кетеді. Бүгінгі таңда шетелдік цифрлық платформалар экономикалық айналымнан жүргізушілер мен халықты қоса алғанда, ел экономикасына инвестиция салмай-ақ, инфрақұрылымды дамытпай-ақ ондаған миллиард теңге алып отыр деуге болады. Осындай жағдайлар еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, — деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, шетелдік цифрлық платформалардың нарықтағы монополиялық жағдайы оның кірісін бақыламай-ақ қайта арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Цифрлық қызметтер саласындағы комиссиялық саясатты қайта қарап, ұлттық мүддені қорғауды күшейту — уақыт талабы.

— Біріншіден, қазақстандық цифрлық қосымшаларды құруға қолдау көрсету керек. Табысты қазақстандық цифрлық платформаларды жұмысқа тарту маңызды. Екіншіден, осы нарық үшін аса маңызды инфрақұрылымды — елдің цифрлық картасын құру қажет. Ол ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды, — деді Мархабат Жайымбетов.

Сонымен қатар ол ірі такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін бағалық реттеуді талап ету керек, яғни такси платформалардың комиссиясын 3- 5% дейін түсіру қажет екенін айтты.
22 мамыр 2025 ж. 39 0