Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында конференция өтті

«Бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында конференция өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен «Бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында конференция өтті. Онда бюджет қаржысын жұмсаудағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары кеңінен қарастырылды.
Конференцияға Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Б.Пшанов, комиссияның бөлім басшысы С.Қармыс, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Н.Аймаханов және басқарманың бас маманы М.Құрақбаев арнайы қатысып,  аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат, мекеме және дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдіктерінің қаржы мамандары мен есепшілеріне, қаржы жұмсаудағы жиі кездесетін кемшіліктерге тоқталып, оларды болдырмау үшін қандай іс-шаралар жүргізу қажет екеніндігін және жаңа нормативтік өзгерістер мен заңнама талаптары жөнінде де жан-жақты ақпарат берді.
Конференция барысында мемлекеттік аудитпен анықталған бұзушылықтар, олардың алдын алу жолдары, мемлекеттік сатып алудың заң талаптарына сай жүргізілуі және бөлінген қаржының мақсатты, тиімді игерілуі туралы кеңінен сөз қозғалды. Спикерлер нақты мысалдар келтіре отырып, қаржылық тәртіптің маңызын түсіндірді.
Конференция аясында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Мемлекеттік мекемелердің қаржы саласына жауапты мамандары күнделікті қызмет барысында кездесетін түйткілді мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын бірлесе талқылады.
Конференция қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев сөз сөйлеп, айтылған мәселелер мен ұсыныстардың маңызды екенін атап өтті:
– Тексеру комиссиясының негізгі миссиясы ол қаржы тәртібін нығайту, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, және әрбір тиынды орынды әрі тиімді жұмсау. Бұл – тек қаржы мамандарының емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың ортақ міндеті. Жауапкершілікті күшейтіп, тәртіпті сақтау – болашақтағы тұрақты даму кепілі, – деді ол.
Конференция нәтижесінде қатысушылар бюджет қаражатын игеруде ашықтықты, тиімділікті және жауапкершілікті арттыру бағытында нақты ұсыныстар қабылдады. Алдағы уақытта мұндай тәжірибелік кездесулердің жиі ұйымдастырылуы – ауданның қаржылық саясатын нығайтып, әлеуметтік-экономикалық даму жолына оң әсер етпек.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 


27 мамыр 2025 ж. 49 0