Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Мерекелік кеште алдымен Арал ауданаралық аурухана бөлімдерінің жұмыс кезіндегі сәттерінен бейнеролик көрсетіліп, ақ халатты абзал жандардың құрметіне балдырғандар тарапынан жылы лебіздер айтылды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– "Ардақты ақ халатты абзал жандар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Әлемде қанша мамандық болса да әрбірінің адам баласы үшін өзіндік маңызы зор. Дегенмен, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы орны ерекше. Бұл мерекені ерен еңбектеріңіздің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні деп есептеуге болады. Сіздердің қалтқысыз қызметтеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай жандардың тағдыры тұр. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз әркез бағаланып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер", – деген аудан әкімі саладағы атқарылып жатқан барқатар жұмыстарға тоқталып, медицина мамандарына ізгі лебізін арнады.
Мерекелік шарада антына адалдық танытып, халықтың саулығы үшін жемісті еңбек етіп, қызметтерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар ақ халатты абзал жандарға облыс, аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Мұнан соң ауданға арнайы келген Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов әріптестерін мерекемен құттықтап, салада ілгерілеушілік бар екенін, мұндай жемісті нәтиженің артында қаншама дәрігерлердің еңбегі жатқанын атап өтті.
Салтанатты кеш барысында аймақтың бас дәрігері осы салада табанды еңбек етіп келе жатқан бір топ мамандарға ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», ҚР «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісін табыстаса, өзге әріптестерін салалық министрліктің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Бұл кеште сонымен қатар Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы және «Senim» медицинасы саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталған мамандар да болды.
Мерекелік кеште аудан өнерпаздарының және медицина саласы мамандарының әуезді әндері шырқалып, күмбірлеген күй төгілді.


