Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні

Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілді.
Әуелі Қазақстанда Журналистика күні 10 мамырда аталып өткен. Себебі дәл осы күні қазақ тілді "Түркістан уәлаятының газеті" тұңғыш рет жарық көрді. Артынан мерекенің атауы "Баспа, радио және телевидение күні" болып өзгерді. Оны жыл сайын маусымның соңғы жексенбісінде атап өтті.
2011 жылы журналистердің кәсіби мерекесін 28 маусымға бекітті. Бірақ байланыс саласындағы мамандармен біріктіріп жіберді. Осылайша, мерекенің атауы «Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні» болып бекітілді. Ал 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекітуге тапсырма берді. Сөйтіп 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні деп жарияланды.
«Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі», - деп, Ахмет Байтұрсынов бекер айтпаған. Журналист бұқара халықтың мұңын шағып, жоғын жоқтап қана қоймай, билік басындағы шенеуніктер, ел жағдайы, экономика, саясат – барлығын дерлік бір мезетте қамтитын жан-жақты тұлға.
Журналист – сауатты, білім көкжиегі кең, өрелі, жаңалыққа құмар, әлемде болып жатқан барлық оқиғалар мен болмыстарға өз көзқарасын білдіре алатын адам.
Фото: baq.kz