Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы құжаттарын рәсімдеуде өзгерістер болады

Зейнетақы құжаттарын рәсімдеуде өзгерістер болады

«Бір терезе» қағидатының орнына  «бір өтініш» қағидаты немесе қызметтер көрсетудің композиттік тәсілі енгізіледі.  Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның айтуынша, композит  нақты  өмірлік жағдай туындаған кезде адамның бір өтініш арқылы бірнеше өзара байланысты қызметтерді алуына мүмкіндік береді.    «Мысалы,  бұрын азамат  зейнетақы төлемдерін алуға арналған екі түрлі өтінішті, яғни базалық зейнетақы бойынша жеке және ортақ зейнетақы бойынша жекелей алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығына беруге тиіс болатын.  Бұған қоса,  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тағы бір өтініш беруі қажет еді. Зейнеткер өз зейнетақысын алу үшін әртүрлі мекемелерге барып,  әрқайсысы 3-7 және одан да көп құжаттан тұратын үш бөлек құжаттар пакетін дайындау керек болатын», - деп түсіндірді М. Айсина. Оның сөзіне қарағанда, композиттік тәсіл  осы барлық үш қызметті  тек Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы бір өтініш бойынша  алуға мүмкіндік береді, құжаттар саны біраз қысқарып, азаматтар үшін ыңғайлы әрі түсінікті болады. «Заң жобасы арқылы құрамына 55 көрсетілетін қызмет біріктірілетін осындай 21 композиттік қызметті енгізу көзделіп отыр. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін 6 көрсетілетін қызметті  біріктіргенде  немесе жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау  кезінде 4 көрсетілетін қызмет қосылғанда және басқа да жағдайларда аса маңызды», - деді депутат.
www.inform.kz
17 сәуір 2019 ж. 955 0