Әрбір тапсырма орындалуымен құнды

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі барлық қала, кент және ауылдық округтердегі нысандарды аралап, тұрғындармен кездесу өткізу дәстүрге айналған. Мұндай кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріледі. Алайда бүгінгі күнге дейін аталған тапсырмалар толық орындалмайтыны байқалып келеді. Жиында осы және өзге де мәселелер кеңінен талқыланды.
Алдымен аталған мәселе төңірегінде аудан әкімі аппаратының басшысы С.Раимбетов хабарлама жасап, халықпен кездесулерде және қоғамдық қабылдауларда басқа да жағдайлармен аудан әкімінің атына келіп түсетін өтініштер мен ұсыныстардың толық орындалмай келе жатқандығын атап өтті. Өзге де кемшіліктерді сөз еткен аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Ерсаймұлы орындаушылық тәртіпке байланысты бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.
Жиында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы көптеген тапсырмалар орындалмай, кейбір көтерілген мәселелер ашық күйінде қалып келе жатқандығын жеткізіп, мұндай олқылықтарға жиі жол беретін әкімдер мен бөлім басшыларына қатаң ескерту жасады.
Мәжіліс соңында межелі жұмыстар мерзімінде атқарылып, нәтижесі бойынша әрбір мәселе тұрақты бақылауға алынатындығын жеткізген аудан әкімі орындаушылық тәртіпке байланысты кемшіліктер қатаң айыпталатынын жеткізді.



