Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал: Барлық салада ілгерілеу байқалады

Арал: Барлық салада ілгерілеу байқалады

Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң тенденцияға тың жобалардың септігі тиді. Бағамдасақ, барлық салада ілгерілеу байқалады. Биыл ауданға 16,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге өскен. Өнеркәсіп саласында да қарқын бар. Мұнда 18,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,1 пайызға жетсе, оның 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев айтты.

– Биыл 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланды. Оның ішінде «Ase Invest» ЖШС-ның «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру» жобасы мамыр айында жұмысын бастады. Жоба құны – 300 млн теңге. Қалған 5 жоба жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ, – деді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығы саласында 3,5 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, мал басы 249,1 мыңға жеткен. Биыл 983 гектарға егін егілген.

Сондай-ақ ауданда 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның екеуінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еурокод» белгісі бар. Бұдан басқа 15-ке жуық балық сұрыптау, қатыру және сақтау цехы жұмыс істеп тұр. Қазір тауарлы балық өсіру шаруашылығын дамыту көзделген, мұнымен айналысатын 16 шаруа­шылық тіркелген. Оның 7-уі көл тауарлы, 8-і тоған және 1 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсірумен айналысады. Жыл соңына дейін тағы 2 тоған шаруашылығы іске қосылмақ.

Мал қыстату науқанына да дайындық пысықталуда. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, биыл 181,5 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланды. Бүгінде 3865 тонна шөп жиналса, оның 529 тоннасы жоңышқа. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Аудан әкімі Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту тапсырмасына сәйкес Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 5 жыл ішінде 1,1 млн гектар сексеуіл егілуі тиіс екенін айтты. 2021 жылдан қазіргі кезге дейін Арал теңізінің құрғаған табанындағы 790,9 мың гектарға сексеуіл көшеттері мен тұқымы егілген.

– Биыл күзде 15 мың гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың гектарға тұқым себу жұмыстары жүргізіледі. Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалар Үкіметтің және облыс әкімінің назарында. Осы мәселе бойынша ауданға үкіметтік делегация келді. Әлемдік, халықаралық банктер мен қор­лардың өкілдері теңізді құтқарудан туындаған әр бастаманы қаржылай қолдауға, жобаны құптауға ниетті, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Ауданның құрылыс саласында да қарқын бар. Жыл басынан бері 15 525 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықты бас­панамен қамтуда оң өзгерістер бар. Тұрғындар жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауда. Халықты сапалы ауызсумен қам­та­масыз ету мақсатында тиісті қаржы бөлініп, 318 шақырым ауызсу желілері тартылды. Бүгінде ауданнан шалғай орналасқан «Ақбасты» елді мекені орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды. Енді «Тоқабай» мен Абайға таза ауызсу беріледі. Сондай-ақ «Ерімбетжаға» мен «Тастүбекке» ауызсу желісін тарту жоба­сына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жү­руде. Жемісті жобалардың нәтижесінде ауданды таза ауызсумен қамту көрсеткіші артады.

Ауданда заман талабына сай жаңа әлеуметтік нысандар да бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Соның бірі – «Руханият орталығы». Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Шижағада» денешынықтыру-сауықтыру ке­шені, «Аманөткелде» 150 орындық клуб құры­лысы жүргізілуде.

Кейінгі үш жылда 228, 3 шақырым газ желісі тартылды. Нәтижесінде аудан халқының 71,2 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылды. Енді ауданның Сыр беткейіндегі «Қамыстыбас» елді мекенінде автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталды. Бұл станса арқылы 18 елді мекенге газ кезең-кезеңімен жеткізілетін болады. Ол кезде 15 мыңға жуық халық от жағып, күл шығару машақатынан құтылады.

Биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға 4,2 млрд теңге бөлінді. Мамыр айында ірі жобаның бірі саналатын теміржол үстінен өтетін аспалы көпір пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында да ірі жобалар жүзеге асуда. Аудан, кент және елді мекен көшелерін жөндеу жұмыстары қарқын алған.

Білім саласында да айтарлықтай тындырым­ды іс көп. Аралда 300 орындық мектеп ел игілігіне берілсе, «Сексеуіл» кентінде жаңа білім ошағының құрылысы жүруде. «Мер­генсайда» да 150 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Биыл ҰБТ-ға 787 оқушы қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Аралдағы №220 орта мектебі Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енсе, Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің екі ұстазы еліміздің ТОП-50 финалисі қатарынан көрінді.

Денсаулық саласында да ауқымды істер атқарылды. «Сексеуіл» кентінде 40 төсектік аурухана, «Тоқабайда» жаңа медициналық амбулатория салынып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейроинсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшесіне арналған жапсаржай құрылысы басталды. Сондай-ақ тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратының құрылысы қолға алынды. Арал қаласының «Шанхай», «Жаңаауыл» шағын ауданынан тәулігіне 250 келушіге арналған емхана құры­лысының жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Әрі қарай тиісті жұмыстар жалғасуда.

Аралда құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы өркендеп келеді. Бастысы, қолға алынған байыпты бастамалардың бәрі де ел игілігі үшін атқарылуда. Мұндай тың жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
21 шілде 2025 ж. 621 0