СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮШЕЙДІ

Өткен аптаның сенбісі күні «Open Space» технологиясын кеңінен таныстырып, жан-жақты түсінік беру мақсатында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Берікбол Байхожаевтың қатысуымен басқосу болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұловтың төрағасымен өткен жиында арнайы жұмыс сапарымен келген Берікбол Ұзақұлы баяндама жасады.
– Елбасы Жолдауында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес Сыр өңірінде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы қолға алынып, жобалық кеңсе жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, көретілетін мемлекеттік қызметтерді толықтай электронды бағытта жүргізу шаралары белсенді түрде жасалып келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ететін «Open Space» технологиясы да сіздер үшін жұмыс жасайтын болады. «Б» корпусының лауазымына үміткерлерді тестілеу, конкурстарға қатысушылардың құжаттарын қабылдау барысында құжаттарды «E-gov» электронды үкімет порталы арқылы тапсыруға да мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз біріншіден сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу, оларды анықтау шараларының бірі десек, екіншіден қағазбастылыққа тоқтау қояды, – деді.
Жиын соңында басқосуға қатысқан қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен мамандары, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, сұрақтарына жауап берілді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.