Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық пен әділеттің айнасы – сот жүйесі

Құқық пен әділеттің айнасы – сот жүйесі

Осы аптада аудандық сот ғимаратында биылғы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстары талқыланды. Брифингті аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов жүргізді. Сонымен бірге жиынға сот қызметкерлері мен БАҚ өкілі қатысты.
    Брифинг барысында сот төрағасы соңғы 6 айда атқарылған жұмыстар легіне тоқталып, есепті кезеңде 29 қылмыстық іс, 577 азаматтық іс, 269 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралғанын, сонымен бірге бұл қылмыстық істердің көбі есірткі заттармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу, сирек кездесетін және аулауға тыйым салынған жануарлар түрін аулау бойынша істер қаралғандығын айтып өтті.
    – Жалпы аяқталған азаматтық істер саны өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 122 іске ұлғайған. Қаралған талап қоюлардың басым көпшілігін некені бұзу, заңдық маңызы бар фактіні анықтау, алимент өндіру туралы, сонымен қатар келісім-шарт қатынастарынан туындайтын даулар құрайды. Биылғы жылдың жарты жылдығында 269 адамға қатысты 269 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 208 адамға әкімшілік шара көрілген, оның ішінде 87 адамға айыппұл, 87 адамға әкімшілік қамаққа алу, 5 адамға көлік жүргізу құқынан айыру, 16 адамға ескерту, 12 адамға ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы қолданылды. 1 іс бойынша кәмелетке толмаған адамға заңды түсіндіру тәрбиелік ықпал ету шарасы тағайындалды. 61адамға қатысты іс тоқтатылды. Қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер саны өткен жылдың 6 айына қарағанда 132 іске кемігендігін байқаймыз, – деді аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов.
    Шарада татуластыру рәсімдері тәртібімен 180 азаматтық іс өндірістен тоқтатылғаны айтылды. Сондай-ақ оның ішінде, 172 азаматтық іс медиация тәртібімен тоқтатылса, 4 азаматтық іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 4 азаматтық іс татуласу келісімдерін жасасумен тоқтатылған екен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда, татуластыру рәсімдері қолданылып аяқталған істердің саны 68-ге көбейген.
    Жиын барысында сот төрағасы соңғы жаңашылдыққа да тоқталды. Яғни, кассациялық сот туралы да айтылды. Кассациялық сот – сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды.
    – Аудандық сотта "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" ҚР-ның Заңы негізінде 2 адам қылмыстық жауаптылықтан босатылып, 1 адамға жаза мерзімі қысқартылды, – деді төраға.

А. НҰРЛАНОВА
Фото: автордан
27 шілде 2025 ж. 60 0