Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 27 жыл толды

Бүгін Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 27 жыл толды

18 тамыз – еліміздің әскери тарихындағы маңызды күндердің бірі. Дәл осы күні Қазақстан Қарулы күштерінің ажырамас бөлігі саналатын Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 27 жыл толып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде бұл құрылым Қазақстан әскерінің қуатты, жоғары технологиялық әрі ұтқыр құрамдас бөлігіне айналды. Оның құрамына Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштері кіреді. Олар мемлекетіміздің әуе шебін сенімді қорғап қана қоймай, стратегиялық маңызды әскери, әкімшілік және инфрақұрылымдық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қарулы күштердің өзге түрлеріне авиациялық қолдау көрсетеді.

Әскери білім мен кадр даярлау
Мамандарды даярлау Қазақстандағы арнайы әскери оқу орындарында жүргізіледі. Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты ұшу және инженерлік-техникалық құрамды дайындаса, Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты әуе шабуылына қарсы қорғаныс пен байланыс саласы бойынша инженерлік кадрлар әзірлейді.

Заманауи қару-жарақ және авиация
Әскери-әуе күштерінде әлемдік стандарттарға сай заманауи жауынгерлік, көліктік және жаттығу ұшақтары мен тікұшақтар бар. Өткен жылы авиациялық парк А400М көпфункционалды әскери-көліктік ұшағымен толықты. Бұл әуе кемесі 37 тоннаға дейін жүк немесе 100-ден астам әскери қызметшіні алыс қашықтыққа тасымалдауға қабілетті. Жаңа ұшақ қазақстандық бітімгерлерді Голан жоталарынан ротациялау, UAE SWAT Challenge-2025 халықаралық жарыстарына командаларды жеткізу, «Айбын-2025» әскери-патриоттық жастар жиынын қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді сәтті орындады.

Басымдықтар мен даму бағыттары
Әуе қорғанысы күштерін дамытудың басты бағыты – автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу. Бұл барлық бөлімшелердің әуе қауіпі жағдайында үйлесімді әрекет етуіне, жедел ақпарат алмасуына және ұшуларды тиімді басқаруына мүмкіндік береді.

Жауынгерлік дайындық пен азаматтарға көмек
Ұшқыштар мен әскерилердің кәсіби шеберлігін жетілдіру тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жоғары пилотаж, күрделі міндеттерді орындау және әуе шайқастарына дайындық – олардың күнделікті жаттығуларының ажырамас бөлігі. Сонымен бірге, әскери ұшқыштар бейбіт өмірде де халықтың жанынан табылуда. Олар табиғи апаттар кезінде құтқару жұмыстарына қатысып, 2024 жылғы су тасқыны мен Абай облысындағы орман өрті кезінде мыңдаған адамға көмек көрсетті.

Әуе қорғанысы күштері – елдің тәуелсіздігі мен бейбіт өмірінің сенімді қалқаны. Бүгінгі мереке олардың қажырлы еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, болашақ ұрпақ үшін Отан қорғаудың маңыздылығын ұлықтайтын күн болып отыр.

baq.kz

18 тамыз 2025 ж. 42 0