"Мерейлі отбасы – 2025": жүлдегер отбасылар марапатталды

Отбасы – берекенің бастауы, елдіктің тірегі. Ұрпақ тәрбиесі, әулет абыройы, татулық пен сыйластық әрбір шаңырақтың ең асыл қазынасы. Босағасына бақ қонақтап, керегесіне құт дарыған әрбір әулет бүгінде ұлт ұясы, дәстүр мен дәріп, тәрбие мен тәртіп қатар өрілген құтты шаңырақ. Бүгінгі шымылдық түрген шара негізінен 2014 жылдан бері ұлттық деңгейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Яғни, «Мерейлі отбасы» байқауы үлгілі әулеттерді дәріптеп, жас ұрпаққа өнеге көрсетуді көздейді.
Мазмұнға бай мерекелік шараның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, берекелі отбасылардың ел дамуына қосар үлесі мен тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара барысында 9 отбасы түрлі номинацияларға ие болып, сый-сияпат табысталды. Байқау қорытындысымен жүлделі III орынды Қосжар ауылдық округінен Байбосыновтар отбасы иеленсе, екінші орынға Сапақ ауылдық округінен Изимовтер отбасы ие болды.
Ал байқаудың бас жүлдесін Жақыповтар жанұясы иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды.
Жүлделі орындарға ие болған жарасымды жанұялар арнайы қаржылай және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқауға қатысқан отбасылар туған өлкенің дамуына қосқан үлестерімен, өнегелі өмір жолдарымен, отбасындағы бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті.

