Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырымбек Көшербаев: Біздің міндетіміз – табыс табуға жағдай жасау

Қырымбек Көшербаев: Біздің міндетіміз – табыс табуға жағдай жасау

Тұрғындардың әлсіз топтарына материалдық көмек көрсету мәселелері бойынша Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен сұхбат

Қызылорда облысында көп­балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларына қосымша қолдау көрсету жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік Жол картасы жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда аймақтардағы жергілікті биліктің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – көпбалалы аналар мен отбасыларға көмек көрсету. Бұл – сондай-ақ, әлеуметтік желілерде көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Қармақ па, әлде балық па? Бұл мәселе фейсбукті пайдаланатындар үшін тоқтаусыз пікірталас тақырыбына айналды. 
Ал, әкімдіктер болса өмір­­дің ауыртпашылығына ду­шар болған отбасыларына кө­­мек көрсету үшін өңір­лік бюд­жеттердің ішкі резерв­терінен қаржы тауып, көп­балалы отбасы мүшелерін жұ­мысқа тұрғыза отырып,  ма­териалдық көмектің қай түрі болмасын, ол жалақыны алмастыру емес, тек табысқа қосымша қолдау ғана екенін ретімен түсіндіруде.
Дегенмен, көпбалалы отбасы­ларға бұл көрсетіліп жатқан көмекті  тегін сыйлық таратқандай етпей қалай көрсеткен дұрыс?
Бұл сұрақты Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа қойған едік.
– Қырымбек Елеуұлы, көп­балалы отбасыларға мем­лекет­тік қолдау шараларын кеңейту бүгінгі күні қа­­зақ­стандық қоғамдағы ең көп талқыланатын та­қырып­тар­дың бірі болып отыр. Бұған қоса, көпбалалы отбасыларды тұр­ғын үймен қамтамасыз ету де ең бір өзекті мәселеге айналды. Бұл мәселе Қызылорда облысында қалай шешілуде?
– Халықтың әл-ауқатының жақсы болуы біздің мемле­ке­тіміз үшін әр уақытта да негізгі басымдықтардың бірі саналады. Айта кету керек, көпбалалы аналардың мәселесі бұл жаңадан пайда болып отырған мәселе емес. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы шаралар қабылданған шешімдерді жетілдіру мен жүйелеу бойынша  жүріп жатыр деуге болады.
Алайда, бұл жағдайда әлеуметтік саясат масылдық көңіл күйдің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Көмек әсіресе, өте мұқтаж жандарға көрсетіліп, нақты адрестік сипатта болуы керек.
Мәселен, Қызылорда об­лысында 36 мыңдай көпбалалы отбасы бар, оның 6 мыңдайы аз қамтамасыз етілген отбасылар. Әрбір көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін дербес әлеуметтік карталар дайындалады. Бүгінгі күні біз 3 мыңдай көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың материалдық-тұрмыстық жағдай­ларын зерттеп, көпбалалы және жалғыз­басты аналарды мазалайтын мәселелердің санатын  анық­тадық.
Олардың ішінде, мәселен, бірінші кезеңде Қызылорда қаласында тұрғын жайға бейімделмеген үйлерде тұрып жатқан, көмек қажет ететін, тұрғын үйге өте мұқтаж 149 отбасы анықталды. Сондай-ақ, олардың мәртебесін анықтауды рәсімдеуде проблемалар бар, тіркеуге тұрмаған, көбісі қалалық әкімдікте үй кезегіне тұрмаған және т.б. Біздің қазіргі міндетіміз – оларға жан-жақты қолдау көрсету.
– Көмекке өте мұқтаж аз қам­тамасыз етілген от­­ба­­сы проблемаларын ше­­шуге әкімдіктер биз­нес-қауым­дастығын жұ­мыл­­дыруда. Сіз басқаратын өңірде кәсіпкерлер оларға қан­дай көмек көрсетіп жат­қанымен бөліссеңіз?
– Бізде мұндай отбасыларға облыстағы ірі және орта кәсіпорындар мен бизнесмендер куратор ретінде бекітілген.
Мәселен, биылғы жылдың наурыз айында Болат Өте­мұратовтың жеке  қоры есебі­нен осындай отбасылар үшін 100 пәтерлік  50 үй салу жөнінде меморандумға қол қойдық. Ал, жергілікті бюджет есебінен 50 пәтерлік 25 үй тұрғызылады.
Барлығы – 150 пәтер. Тұрғындар өздеріне қажетті құжаттарын ретке келтіру үшін осы үйлердің бірінде шағын ХҚО орналасатын болады.
Айтпақшы, әрбір үйге электр жарығы, ауызсу,  кәріз жүйесі, газ, телефон желісі, автожол тартылады, сондай-ақ, үй жанынан 6 сотық шағын учаске бөлінеді. Үйлердің құрылысын рекордты мерзімде – 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне аяқтауды жоспарлап отырмыз. Және бұл тек басы ғана!
Мұнан бөлек біз тұрғын­дардың әлсіз қорғалған топ­та­ры­на, оның ішінде көп­балалы отбасылар бар, ал­ғашқы жарнапұл тө­ле­мей­тін өңірлік «Орда» бағ­дар­­ла­масы арқылы мамыр айында облыс орталығынан «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ» банкі ар­қы­лы 248 пәтер сатып алу жөнінде құрылысшылармен мемо­рандум­дық келісім жасадық. Бірақ, бұл кезек­тілікпен жүзеге асырылатын болады.
– Қызылорда облысындағы құ­ры­лыстың және тұрғын үйді пайдалануға берудің қар­­қынына қарап, жақын ара­лық­та басында баспанасы жоқ тұрғын қалмауы керек сияқты...
– Соңғы жылдары облыс­та тұрғын үй құрылысы өте жоғары қарқынмен жүргізілуде. Тек қана 2013-2018 жылдары бізде  3 млн шаршы метр­дей тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы біз аймақ үшін рекордты көлемде – 700 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырдық. Ал, биыл өткен жылдың көрсеткішінен асып түспек ойымыз бар. Сонымен қатар, мен жоғарыда айтып кеткен көпбалалы отбасыларға арналған үйлерден бөлек, республикалық бюджет қар­жысы есебінен көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін тағы да 431 пәтер салу жоспарымызда бар. 205 пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілсе, 226 пәтер сатып алу құқығымен жалға беріледі.
Мұнымен бітпейді. Біз, қайталамас үшін, Үкімет тарапынан республика деңгейінде көпбалалы отбасыларын қол­дауға арналған іс-шаралар пакетінің қабылдануын күт­тік. Содан кейін ғана облыста көпбалалы аналар көтерген мәселелерді сараптау қорытындысымен үстіміздегі жылдың 18 наурызында өзі­міздің аймаққа арналған көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларына қосымша қолдау көрсету жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік Жол картасын қабылдадық. Сонымен қатар, бүгінгі күні бекітілген облыс бюджеті аясында өзінің шағын бизнесін дамыту үшін жаңа бизнес идеяларға қайтарымсыз грант беру қарастырылуда. Сол секілді әлеуметтік әлсіз отбасы­ларының балаларына жоғары оқу орындарында оқуға облыс әкімінің 200 гранты бөлінеді. Сауықтыру лагерьлерінде көп­ба­­лалы және  аз қамтамасыз етілген отбасы балаларының дем­алысын ұйымдастыру, осын­дай отба­сылардағы 25 мың­дай оқушы баланы мек­тепке баруға киіммен қам­тамасыз ету және т.б шаралар бар.
– Әлеуметтік желілерде «Қайсысы дұрыс, балық па, әлде қармақ па?» деген пікірталастар жиі пайда болып тұрады. Сіз қандай пікірді ұстанасыз?
– Менің ойымша, мате­риалдық көмектің барлық түрі негізгі кіріс көзі емес, бұл тек ата-аналардың табысына қосымша  қолдау шаралары ғана болуы тиіс. Сондықтан, біздің міндетіміз отбасылардың табыс табуына жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын құру, өзінің жеке ісін ашуына, жаңа мамандық алуына мүмкіндік жасау және т.б шаралар. Біз бүгінгі күні осы бағытта жұмыс жүргізудеміз, мысалы, жаппай кәсіпкерлікті дамытудамыз.
Осы мақсатта әкімдіктің, мәслихаттың, «Nur Otan» партиясы филиалының, Қоғамдық кеңес және өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен біз облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығын жария­ладық. Тек биылғы жылдың өзінде осы мақсатқа облыстық бюджеттен, түрлі даму институттары мен екінші деңгейлі банктерден 34 млрд теңге бағытталады. Бұл шаралардың барлығы да жаңа жұмыс орындарын құруға, салық базасын кеңейтіп, жергілікті бюджеттерді ны­ғайтуға,  жалпы қоғамда тұрақ­тылықты қам­тамасыз етуге жұмыс істейтін болады.
«Литер» газеті,
23 сәуір, 2019 ж.
syrboyi.kz
25 сәуір 2019 ж. 962 0