Баянды бастама табысқа жол ашады
Ғасырлық тарихы бар қасиетті Арал өңірінде мерейтойлық мерекелер игі істермен жалғасуда. Соның айқын дәлелі – «Қарашалаң балық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа зауытының салтанатты ашылуы.Теңіз төсіндегі тағылымды шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сағитжанұлы Сермағамбетов, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімі Нұрбол Қызбергенов, Қазалы ауданының әкімі Асылбек Есмаханов, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен балық шаруашылығы саласының ардагер мамандары қатысты.

Өндіріс ошағының салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі А.Оңғарбаев сөз алып, жаңадан бой көтерген кәсіпорынның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Құрметті қонақтар, қадірлі жерлестер! Өндірістің жаңа кезеңіне қадам басқалы отырған “Қарашалаң балық” зауытының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл игілікті бастаманың Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келуі – ерекше символдық мәнге ие.
Себебі бұл мекен ғасырлардан жалғасып келе жатқан балықшылық кәсіптің алтын діңгегі саналатын өңір. Арал теңізі – қойнауы балыққа бай, еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударған айдын.
Арал өңірі үшін балық шаруашылығын дамыту – ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік маңызы зор кәсіп. Қазіргі таңда теңіздің кіші бөлігі қалпына келіп, көлдер жүйесі жандана бастаған шақта бұл саланың әлеуеті бұрынғыдан да артып келеді.
“Балық іздесең – көлге бар, береке іздесең – елге бар” дейді халқымыз. Бүгінгі ашылып отырған кәсіпорын – ел еңбегінің, ынтымақ пен тірліктің жемісі.
Осы мерейлі сәтте баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов сөз сөйлеп, жаңа кәсіпорынның өңір дамуына қосар үлесін атап өтті. Ол ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген сала мамандарына ризашылығын білдіріп, зауыт ұжымына сәттілік тіледі.

Келесі болып сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов аймақтағы балық шаруашылығы саласының даму қарқыны мен болашағына тоқталып, жиналғандарды ғасырлық мерейтоймен құттықтады.
Өңірдің құрметті азаматы, ел ағасы Әбілбай Садықбаев жаңа өндіріс ошағының ашылуы аудан өміріндегі қуанышты оқиға екенін айтып, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген кәсіп иелеріне алғысын жеткізіп, батасын берді.
Бүгінде Арал ауданында жылдық қуаттылығы 23 900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның екеуі Еуропа нарығына жол ашатын «Еврокод» халықаралық сертификатына ие. Сонымен қатар, 15-ке жуық сұрыптау және сақтау цехтары халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Сол өндіріс қатарын толықтырған жаңа «Қарашалаң балық» зауыты жылына 6 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның жалпы құны 500 миллион теңге, ал толық іске қосылғанда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл жаңа өндіріс ошағы – ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып, өңір экономикасының өркендеуіне серпін беретін маңызды жоба болмақ.
А.НҰРЛАНОВА










