Балық шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми-танымдық конференция өтті

Аталған жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, саланың маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар, мерейтойға арнайы келген мәртебелі меймандарды таныстырды.
Басқосуға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы С.Сермағамбетов, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Е.Ғалымжан, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімі Н.Қызбергенов, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Қ.Құлмағамбетов, сонымен қатар облыстық басқармалар, департаменттер, инспекция басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен Астана, Алматы, Қызылорда қалаларынан арнайы келген делегация өкілдері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы конференция барысында ауданда өтіп жатқан мерейтой қарсаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хатын көпшілікке оқып беріп, өңір балықшыларына деген арнайы лебізін жеткізді.
Талай жыл тірнектеп қызмет еткен жандардың ақ-адал маңдай тері елеусіз қалып жатпағаны белгілі. «Су келсе, тіршілік келеді» деген. Соңғы жылдары «Қамбаш», «Ақшатау» көлдер жүйесі тіршілік нәріне толғанына ел куә. Осы және «Балық шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар» туралы жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сағитжанұлы хабарлама жасады.
Арал үшін ғұмырын арнап, теңізді қайтсем толтырам деп жанұшырған жанашыр жандар жетерлік. Олардың есімі әркез ел есінде. Келесі сөзді жалғаған қазіргі аға буын өкілі, балық шаруашылығы саласының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған Құдайберген Саржанұлы «Өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытудың оңтайлы жолдары» туралы өз ойын ортаға салды.

Көпшіліктің ой-мүддесі бір арнаға тоғысқан ауқымды шарада Қызылорда облысының балық өсіру шаруашылығы туралы Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Бақтығалиұлы сөз алса, халықаралық ұйымдармен Арал мәселесі бойынша кешенді шаралар қабылдауда жан-жақты жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Қайрат Амангелдіұлы хабарлама жасады.
«Өңіріміздегі су шаруашылығының жағдайы» туралы сөз «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Зейнулла Молдағалиұлына берілсе, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Тынысбек Темірханұлы «Өңіріміздегі тауарлы балық өсірудің қазіргі жағдайы және тауарлы балық өсіретін су айдынының жай-күйі» бойынша баяндады.Конференция барысында қатысушылар тарапынан балық шаруашылығы саласын дамыту, өзекті мәселелерді шешу және өзге де маңызды жұмыстар бойынша жан-жақты сауалдар жолданып, мамандар өзара пікір алмасты.

Жиын соңында Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толуына орай балық шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен сала мамандары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және ҚР «Балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері» медалімен, ҚР «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі