Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жұмыс сапарымен Мергенсай ауылдық округінде болды

Аудан әкімі жұмыс сапарымен Мергенсай ауылдық округінде болды

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Мергенсай ауылдық округінде болып, елді мекенде жүзеге асырылып жатқан бірқатар құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың жұмыс барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы «Арал–Аэропорт–Жалаңаш» бағытындағы автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Аудандық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстары 5 лотқа бөлініп, жалпы 52–62,1 шақырым аралығын қамтиды. Жобаға облыстық бюджеттен 743,9 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 39–52 шақырым аралығындағы жол бөлігінде 149,6 млн теңгеге тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күнге дейін автожолдың істелуі тиіс 13 шақырымына қиыршық тас төселіп, тегістелген. 6 шақырымы асфальттану үстінде, ал қалған 7 шақырымы жақын күндері аяқталмақ.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан басшысы ауылдық округ орталығында салынып жатқан 150 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Құны 2 млрд 333 млн теңге болатын нысанның сырты қапталып, ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі жылу жүйелері мен электр желілері толықтай орнатылған. Еден төсеу, ішкі есіктерді орнату және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа мектеп ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Аманжол Сақыпұлы нысанды аралау барысында сапа мен мерзім талаптарын сақтау қажеттігін қатаң ескертіп, тұрғындар көптен күткен білім ордасының уақытылы пайдалануға берілуі аса маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар аудан әкімі ауылдық округке қарасты Тастүбек елді мекенінде болып, ауылға тартылып жатқан ауыз су желісінің құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде 30 шақырымдық су жүйесі толық жүргізіліп, 150 м³ көлеміндегі су сақтау қоймасы мен су айдау станциясы құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды салу жұмыстарын «Алтын Айдарлы» ЖШС атқаруда.
Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы істеліп жатқан жұмыстың нәтижелі екенін алға тартып, мердігер мекеме өкілдеріне су шаю және өзге де өткізу, тазалау жұмыстары аяқталған соң ауылға таза ауыз суды бере беру керектігін жеткізді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
30 қазан 2025 ж. 93 0