Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » “ТОЛҚЫН” ТАРИХЫ МЕН ӘУЕЛБЕК ҚОҢЫРАТБАЕВ ТАҒЫЛЫМЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

“ТОЛҚЫН” ТАРИХЫ МЕН ӘУЕЛБЕК ҚОҢЫРАТБАЕВ ТАҒЫЛЫМЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Бүгін Арал өңірінде бүгінгі ұрпаққа өнеге, кейінгіге аманат болған қос үлкен мерейтой – «Толқын» газетінің 95 жылдығы мен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ғалым, ұстаз Әуелбек Қоңыратбаевтың 120 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасы өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Махатов қатысып, құттықтау сөз сөйледі:
«– Ақындар мүшәйрасы — рух пен парасаттың, қара сөз бен жырдың үндестігін паш ететін ерекше жиын. Ақын — елдің айнасы, халықтың жүрегінен төгілген сәуле. Сіздер сөзді саралап, ойды өрнектеп, елдік рухты жыр жолына қосып келесіздер.
Қадірлі қалам иелері! Қара сөз бен жырдың жарасымы, шабыт пен жүректің тоғысы осы мерейтойдың мәнін айқындай түсуде. Қаламдарыңыз мұқалмай, жырларыңыз жұртыңыздың жүрегін тербетіп, ел мен жердің мерейін үстей берсін! Баршаңызға шығармашылық шабыт, жаңа табыстар мен жарқын жетістіктер тілеймін! Мерейлі мереке құтты болсын!»-деді.
Мүшәйраға 11 ақын қатысып, шығармалары арқылы көрермен жүрегіне жол тартты. Жыр додасында «Толқын» газетінің 95 жылдығына және басылымның тұңғыш редакторы Әуелбек Қоңыратбаевтың 120 жылдығына арналған арнаулар асқақ үнмен өрілді.
Сөз маржанын теріп, додаға түскен ақындар арасынан бас жүлде аралдық Дархан Аманжолұлының еншісіне бұйырды.
І орынды Қазалы ауданынан келген Ақжол Түменбай иеленсе, ІІ орынның жүлдесі қызылордалық ақындар Аружан Оралбай мен Нұргүл Төлеубайға табысталса, ІІІ орынды Оңталап Жолдасов, Алтынбек Қыстаубаев және Ұлықбек Бекұзақұлы иеленді. Сонымен қатар Зейнолла Шүкіров атындағы арнайы жүлдені шиелілік Бекжан Ержігіт өз қанжығасына байлады.
Шараға белсене қатысып, жүлделі орын алған ақындарға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

"Толқын" ақпарат
08 қараша 2025 ж. 51 0