Аралға серпін берген жобалар
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Бағдарлама ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.Аталған жоба аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік жасалуда. Несиелер, негізінен, мал шаруашылығы, егіншілік, қайта өңдеу, қызмет көрсету салаларына бағытталып, ауылдағы кәсіптің көкжиегін кеңейтуде. Бұл өз кезегінде ауыл халқының тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне ықпал етуде.
Ауданда 2025 жылдың қаңтар айынан қазіргі уақытқа дейінгі аралықта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 341,56 млн. теңгені құрайтын 53 жоба мақұлданып, қаржыландырылған.
Ауыл экономикасын дамытуға бағытталған жобалар түрлі саланы қамтып, нақты нәтижелер беруде. Атап айтқанда, өңдеу саласы ауыл кәсіпкерлігінің жетекші бағытына айналып отыр. Бұл бағытта 30 жоба іске асырылып, жалпы көлемі 205,8 миллион теңгені құраған.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында 9 жобаға 50,3 миллион теңге бағытталып, ауыл тұрғындарының дәстүрлі кәсібін дамытуға серпін берді. Ал қызмет көрсету саласы бойынша 11 жоба жүзеге асырылып, олардың жалпы қаржыландыру көлемі 66,4 миллион теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығының өзге бағыттары да назардан тыс қалған жоқ. Егін шаруашылығы саласында 2 жобаға 15,06 миллион теңге бөлінсе, құс шаруашылығы бойынша 1 жоба 4,0 миллион теңгеге қаржыландырылған.
Жалпы алғанда, аталған жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталып, ауыл экономикасының тұрақты дамуына ықпал етуде.
Биылғы жылдың 26 қараша күні amanatnesie.kz порталы қайтадан ашылып, 223,2 млн. теңгені құрайтын 32 жоба ұсынылып, алдағы комиссия отырысында қаралатын болады.
Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар нақты нәтижесін беруде. Әсіресе, өңдеу саласы басым бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Бұл салада 20 жоба жүзеге асырылып, оларға 149,0 миллион теңге көлемінде қаржы бағытталды. Аталған жобалар жергілікті өнімді өңдеуді жолға қойып, қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының дәстүрлі бағыты саналатын мал шаруашылығы саласында 6 жоба іске асырылып, жалпы сомасы 33,0 миллион теңгені құрады. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін арттырып, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге ықпал етуде.
Ал қызмет көрсету саласында 6 жоба жүзеге асырылып, оларды қаржыландыру көлемі 41,2 миллион теңгеге жетті. Бұл жобалар ауылдық жерлерде сервистік қызмет түрлерін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, аталған жобалар ауыл экономикасын әртараптандыруға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
А.НҰРЛАНОВА









